Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда жылу құбыры жарылды

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2022
  • 1717

Қостанайда жылу құбыры жарылып, 30 тұрғын үй мен мектеп және халықаралық әуежай жылусыз қалды. Коммуналдық апат қаланың жаңадан бой көтерген шағын аудандарының бірінде тіркелді. Жылу орталығының жұмысшылары Герасимов көшесіндегі ақауды қалпына келтіруге таңертең кіріскен, қазір тесілген құбырды дәнекерлеп жатыр. Шамамен кешкі сағат сегізден бастап көпқабатты үйлер жылына бастайды. Бұл шағынауданға жылу желісі жеті жыл бұрын ғана тартылған. Алайда жер асты суының әсерінен металл құбыр шіріп кеткен көрінеді.

Нұрлан КӨШЕКОВ, «ҚОСТАНАЙ ЖЭО» МКК БАС ИНЖЕНЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл жобалық сметалық құжат дайындалды. Сол жоба бойынша барлығы 985 метр жылу құбыры қайта жаңартылады. Жоба құны 988 млн теңге. Яғни құбырды полиэтиленмен қаптаймыз. Бұл жер асты суының кері әсерін азайтып, құбырды тез шіруден сақтайды.

Бүгін Қостанайда ауа температурасы -6 -9 градусты көрсетіп тұр. Сондықтан пәтерлер салқындай қойған жоқ. Тұрғындар әзірге тоңған жоқпыз. Жылуды ұзатпай берсе болды дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қазір біздің үйде отопление сөнгелі жылу ұстап тұр. Ешкім тоңған жоқ. Кешке қосылады. Соған сенеміз.

- Әзірге жылы. Біз жетінші қабатта тұрамыз. Кешке қосады деді. Соған сенеміз.

З. Санай