Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2022
  • 2877

Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын айтты. Бұл оқиға бәріміз үшін сабақ болғанын атап өтті.

«Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Әр түстің өзіндік мән-мағынасы бар. Сондай-ақ, мемориалда халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, ЖАЗУШЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Мұнда кеменгерлеріміздің жақсы сөздері алынған. Бұл ескерткіш алаңын біздің ең қасиетті орнымыз деп есептеуіміз керек. Бұл кімге керек? Жас ұрпаққа керек. Жас ұрпақ біздің ұлыларымыздың, қасиетті адамдарымыздың, ақындарымыздың ең жақсы сөздерін оқу арқылы ертең өздеріне сабақ алады ғой деп есептеймін.

Ескерткішті орнату үшін 20-дан астам жоба ұсынылған. Олардың ішінен қазақстандық жас сәулетші Алексей Ивженко бастаған топтың жұмысы таңдалды. «Мемориалда еңсеру, тұрақтылық пен дамуға ұмтылу идеясы жатыр», - дейді сәулетші.

Алексей ИВЖЕНКО, АВТОРЛЫҚ ҰЖЫМНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориал орнату үшін арнайы конкурс жарияланған еді. 8 адам болып бірнеше ай бойы тынымсыз еңбек еттік. Шынымды айтсам, қобалжыдым. Мойнымызға артылған жауапкершілікті сезіндім. Жұмысымыздың нәтижесі халықтың көңілінен шықты деп үміттенемін.

Мемориал қала әкімдігі ғимаратының жанындағы саябақта орналасқан. Мемлекет басшысы стеллаға гүл шоғын қойған соң, қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз.

Мемлекет басшысы мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бір сөзбен айтқанда, біз ұлт болып осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек. Құқық қорғау органдары және арнаулы құрылымдар ауқымды жұмыс атқарды. Тергеу барысы депутаттардың, Бас прокуратура өкілдерінің және заңгерлер қауымының қатысуымен Парламентте талқыланды. Жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің Жарлығыммен рақымшылық жасалды.

«Мемориалдың ашылуы қиын кезеңнен сүрінбей өткен халықтың заманауи тарихының жаңа бетін бейнелейді»,- дейді қоғам қайраткерлері.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕР ҚОЮ ЖӨНІНДЕГІ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКАЛЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ:

Қаңтар оқиғасынан сабақ алып, мұның әр жағында тарихқа тағзым ету деген. Қаңтардың қасыретті оқиғасы ұмытылмақ емес. Сол оқиғада жазықсық құрбан болған, жазықсыз оққа ұшып кеткен, жазықсыз жазым болған жастарды біз ешқашан да ұмытпауымыз керек.

НҰРЛАН ОРАЗАЛИН, АҚЫН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Дәл осы қаңтардың қасыретті күні бізді тәрбиелейтін, бізді болашаққа ұмтылатын және өзімізді ұлт ретінде, халық ретінде, мемлекет ретінде сақтаудың қаншалықты қадірлі, қасиетті екендігін сезінтетін кезең болды. Халықты сақтау үшін біз біртұтас болуымыз керек. Тағзым етуге осы жаққа келіп тұруымыз керек.

Мемориалдың ашылуына белгілі қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты. Олардың ішінде қаза тапқандардың туыстары мен жақындары да бар.

М. Жақан