Русский Сайттың толық нұсқасы

"Әлеуметтік кодекс жобасы қабылданды", - Үкімет

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2022
  • 2199

Енді әрбір отбасының цифрлық картасы болады. Мемлекеттік бағдарламалар, қолдаулар туралы хабарлама жіберіліп тұрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Әлеуметтік кодекстің жаңа жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан тұрады. Тағы қандай артықшылықтары барын іілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Жылдың соңғы жиынын өткізген Әлихан Смайыловтың бұл жолы да қабағы ашылмады. Аузы күйген үрлеп ішердің кейіпі болар деп түсіндік. Дегенмен, президенттің соңғы сынынан кейін министрлер жұмысқа білек сыбана кіріскенге ұқсайды. Әдетте, жыл бойы атқарған жұмыстарын жіпке тізіп отыратын еңбек министрлігі бұл жолы жаңа жобамен келді. Тамара Дүйсенова әлеуметтік кодекстің артықшылықтарына тоқталды. Енді әрбір отбасының жеке дерек қоры сақталатын, цифрлық картасы болады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдауларды алуда оңтайлы тәсіл болмақ.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Карта отбасылардың немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы ретінде қызмет етеді. Мұндай ақпарат әрбір отбасына, орталық мемлекет тарапынан СМС-хабарлама ретінде жіберілмек. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізілетін болады. Яғни, азаматтарға әлеуметтік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады.

Кодексте шағын бизнестегі жалдамалы қызметкерлер мен платформаның көмегімен жұмыс істеп жүрген азаматтарға қатысты салықтық жүктемелерді төмендету де көзделген. Сондай-ақ келер жылдан бастап әлеуметтік жарналарын уақтылы аударып отырғандар жұмыссыз қалған жағдай 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайыз көлемінде жәрдемақы алады. Сондай-ақ, жобаның тағы бір жаңалығы енді мүгедектігі бар адамға қызмет көрсеткен отбасы мүшесіне де жалақы төленеді.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері қызметке орналасады. Сөйтіп, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен толық қамтылады.

Әлеуметтік кодекс халықтық жағдайын жақсартады. Экономист Мақсат Халықтың осындай пікірде. Тек енді оны іске асыруда ақсау болмаса болғаны дейді.

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:

Идея өте дұрыс. Енді ертең қалай жүзеге асады оны біз тағы көреміз. Оның механизімі қалай жүзеге асатын болады. Өйткені кейбір уақыттарда мемлекет тарапынан идеясы жаксы дүниелер жасалынғанымен жүзеге асыру жағы ақсап жататын кездері болады. Сондықтан алдағы уақытта сол жүзеге асыру жағында тиісті құзыретті органдар барынша қадағаласа екен.

Жобада өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арнайы статуста қарастырылған. Енді олар «тәуелсіз жұмыскерлер» деп аталады. Осылайша, заң жобасының негізігі мақсаты азаматтар тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттің қолдауын алу мүмкіндігіне ие болады. Мұны үкімет басшысы Әлихан Смайыловта қолдады.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұл аса маңызды құжат азаматтардың өміріндегі, яғни адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейді. Ол бірінші кезекте халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Мұны іске асыру үшін қолданыстағы нормативтік базаны қайта қарауымыз керек. Кодекс қабылданған соң жаңа әлеуметтік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа көшу керек. Ол Отбасының цифрлық картасын енгізу арқылы жүзеге асырылады

Әлеуметтің әлеуетін арттыруға арналған жобаны үкімет мүшелер бір ауыздан мақұлдады. Оны осы үш күннің ішінде "Еңбек министрлігі Премьер-Министр кеңсесімен бірлесіп, жобаны Парламент Мәжілісіне уақтылы енгізуді қамтамасыз етсін", - деді Үкімет басшысы.

Б. Сатуов