Русский Сайттың толық нұсқасы

Банкрот деп танылғандар енді несие рәсімдей алмайды

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2022
  • 2069

Банкрот деп танылғандар енді несие рәсімдей алмайды. Бүгін сенатта заң жобасы қабылданды. Бұл-жоғарғы палатаның соңғы отырысы. Сондықтан жыл бойы атқарылған жұмыстар да қорытындыланды. Толығырақ тілшіміз Әсел Дүкембаева тарқатады.

Банкрот деп танылғандар несие ала алмайды Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, елімізде 1 миллионнан астам адам банкрот боп жариялануы мүмкін. Олардың көбі - кепілсіз тұтынушылық несие алғандар.

Ержан БІРЖАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бүгінде заң бойынша көмек сұрай алатын қазақстандықтардың саны 1 миллион 170 мың адам болуы мүмкін, оның 31 мыңы өзін банкрот деп тану үшін сотқа жүгінуі мүмкін.

Сондай-ақ, Сенат тазы мен төбет тұқымын көбейту туралы заңды қабылдады. Құжаттың негізгі мақсаты - қазақы тазы және төбет ит тұқымдарын сақтау саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін белгілеу.

Елдос АБАҚАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Орталықтың негізгі құзыретіне бірыңғай асыл тұқымды қазақы тазы мен төбеттің кітабын жүргізу, аталған тұқымдардың стандарттарын әзірлеу және басқа да міндеттер кіреді. Сонымен қатар, заң жобасы кинологиялық қызмет ұғымдарын, қазақы тұқымды иттің шығу тегі туралы куәлікті, бірыңғай асыл тұқымды кітапты, қазақ ит тұқымдары мен ұлттық аңшылық ұғымын айқындайды

Депутаттар өзге де мәселелерді талқылады. Рысқали Әбдікеровтың айтуынша, кейінгі 10 жылда елімізде қант диабетіне шалдығу деңгейі 61%-ға өскен. 2030 жылға қарай науқастардың саны 800 мыңнан асуы мүмкін. Сенатор Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Рысқали ӘБДІКЕРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ұлттық бағдарламаны әзірлеуді сұраймын. Оған келесі бағыттарды қосуды ұсынамын: Қазақстанда мамандандырылған диабеттік көмек көрсетудің заманауи жүйесін құру, көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мақсатында диагностиканың және емдеудің заманауи әдістемелерін енгізу, жүктілік кезінде ана мен бала өлімін азайту үшін қант диабетін уақытылы және дер кезінде емдеу керек.

Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев биыл атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Биыл Парламент 86 заң қабылдады, оның 13-іне депутаттар бастамашы болды. Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Заң шығару кезінде әрбір заң жобасы Сенаттың тұрақты комитеттерінде жан-жақты талқыланды.

Биыл 4 үкімет сағатын ұйымдастырылды. Онда бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді газдандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралған.

Ә. Дүкембаева