Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық спортшылардың жетістіктері

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2022
  • 2559

Қазақстан спорты үшін де биыл жеңіске толы жыл болды. Әрине сәтсіздіктер де жоқ емес. Спорт саласының жетістіктерін әріптесім Мерей Қалиасқар жіпке тізіп, кеңінен тарқатады.

Жыл басында Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен 500 метрлік қашықтықта Абзал Әжіғалиев төртінші орынға ие болып, қазақстандық шорт-трекшілердің Олимпиададағы ең ірі жетістігін тіркеді. Бір ай бұрын АҚШ-та өткен әлем кубогының екінші кезеңінде оралдық талант күміс медаль жеңіп алды.

Дүйім ел тақымын қысып, футзалдан Ұлттық құрамаға үміт артып, жанкүйер болған еді. Алайда, Рикардо Кака шәкірттері Еуро-2022 додасында 1/4 финалдан әрі өте алмай қалды. Дегенмен 4 матч бойы қарсылас қақпасына 7 гол салып, екі нәтижелі пас берген команда сапындағы Біржан Оразов турнирдің үздік бомбардирі атанды.

Біржан ОРАЗОВ, ФУТЗАЛДАН ЕУРО-2022 ТУРНИРІНІҢ ҮЗДІК БОМБАРДИРІ:

Қазақтың кез келген баласындай менде ауылда шаң-шаң болып ойнағанмын. Барлық арманым теледидарда әлем чемпионаты болғанда Қазақстанның атын футболшы ретінде шығарсам деген арманым болатын. Қазір міне сол арманыма жеттім. Менің әрбір жеңісім қарапайым қазақстандықтардың жеңісі мен қолдауы.

Футболдан Ұлттық құраманың да ұлттар лигасындағы ұтымды ойындары есімізде. С лигасының 3-тобында өнер көрсеткен жерлестеріміз 6 ойында 13 ұпай жинап, өз тобында көш бастады. Әрі В лигасына жолдама алып, 2024 жылы Еуропа чемпионатына берілер бір жолдамаға таласу мүмкіндігіне ие болды.

Магомед АДИЕВ, ФУТБОЛДАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Мұндай жағдай менің өмірімде алғаш рет болып отыр. Бұл ертегінің аяқталмауын қалаймын. Ал мен өз кезегімде, жігіттер болашақтағы ойындардың бәрінде жүрекпен ойнайды деп сендіргім келеді. Ұлттық құраманың бапкері болу - мен үшін үлкен мәртебе. Мұны бапкерлік мансабымның шыңы деп білемін.

Биыл теннис үшін де сәтті жыл болды. Теннисші Елена Рыбакина Уимблдонды жеңіп алып, Үлкен Дулыға турнирінің алғашқы қазақстандық теннисшісі атанды. Отандасымыздың Ұлыбритания жеріндегі айтулы жетістігі ел спортының тарихында алтын әріптермен жазылмақ.

Елена РЫБАКИНА, ТЕННИСШІ:

Бұл ортақ күш-жігердің арқасында. Қолдау көрсеткендеріңіз үшін көп рақмет. Маған сеніп, барынша жағдай жасаған Қазақстан теннис федерациясына және еліме алғысымды білдіремін.

Ал Шавкат Рахмонов биыл UFC рейтингінде үздік ондыққа кірді. Боксшы Лас-Вегастағы турнирде америкалық қарсыласын екінші раундтың соңында қылқындыру әдісімен жеңді. Осыдан кейін үздіктер қатарынан көрінді.

Былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлының да биыл мансабы жоғарылады. Бокстан орта салмақта әлем чемпионы атанып, титулды қорғады. Сөйтіп, әлемнің ең үздік спортшылары қатарына кірді.

Барыс жылы отандық спорт үшін жеңісті де жемісті болды. Қоян жылы да спортшыларымызға жанкүйер ететін жарыстар жеткілікті. Саңлақтарымыздың бағы мен бабы қатар шапсын.

М. Қалиасқар