Русский Сайттың толық нұсқасы

Иран Қазақстанда үш электр станциясын салмақ

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2016
  • 1518

Иран ислам мемлекеті Қазақстанда үш бірдей электростанция тұрғызуды жоспарлап отыр. Мұндай келісімшартқа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға жасаған ресми сапарының қарсаңында қол қойылды. Елбасы ресми іссапары барысында Иран басшысы Хасан Руханимен кездесті. Екі елдің бизнес өкілдерінің келіссөздері нәтижесінде ирандық "САНИР" компаниясы мен отандық "Еуразия инвест групп" компаниясы қуаты 50 МВт болатын жел электр станциясы мен 250 МВттық екі жылу электр станциясының құрылысы туралы келісті.

Жобалар бір жарым жылда салынып бітпек. Электр станцияларының бірі - Каспий теңізінің жағасына, екеуі - Ұлы Жібек жолының үстінде, Алматы қаласына жақын тұрғызылмақ. Бұдан бөлек, Тегеран біздің елдің геологиялық барлауына 30 млн доллар құямыз деп отыр. Бірлескен брифингте Елбасы жалпы сомасы 2 млрд доллардан асатын 66 екіжақты құжатқа қол қойылғанын атап өтті. 

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Екі жақты ынтымақтастық - бұл сауда айналымы болды, астықты экспорттау, мал шаруашлығы өнімдерін экспорттау, сонымен қатар мұнайды тасымалдау Иран ислам республикасы арқылы. Сонымен қатар, тікелей көлік дәліздері сияқты мәселелер. Жаңағы санкциялар түскеннен кейін жаңа көкжиектер пайда болды. Оның ішінде баламалы энергия көздері, атом электр станцияларын дамыту, бұған Иран баяғыдан бері мүдделі болып келе жатқан. 

Президент Нұрсұлтан Назарбевтың Иран ислам мемлекетіне ресми сапары ертең де жалғасады. Ал одан соң Елбасы екі күндік сапармен Түркияға ат басын бұрады. Және Ислам ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысады деп жоспарланған. Ал сәуірдің 15-де Өзбекстанға аттанбақ.  

Айгүл ӘДЕПБАЙ