Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаңтар трагедиясынан қандай сабақ алдық?

  • AstanaTV
  • 04 қаңтар 2023
  • 1937

Қаңтар оқиғасына тура 1 жыл. Мұқым ел қара жамылып, қоғам бұрқ етіп, қасіретті күндерді бастан кешірді. Ұлт тағдыры мен бұқара бірлігі сынға түскен шақ естен кетпесі анық.

2022 жылдың басы Қазақстанның тәуелсіздігі таразыға түсті. Барыс жылы барымыздан айырылып, ел болып қаламыз ба, жоқ па? деген сауал еріксіз мазалай түсті.

Газдың бағасы бірден аспандап кеткеніне алдымен жаңаөзендіктер наразылық білдірді. Бейбіт шерулер бірнеше өңірде жалғасты. Билік дер кезінде шешім қабылдап, халықтың талабын орындады. Бірақ бүлікшілер түрлі саяси шешім қабылдауды сұрай бастады. Арты дүрбелеңге айналды. Әсіресе, азаттықтың алтың бесігі саналатын Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

Қылмыскерлердің айтқанына еріп, айдағанына жүріп арандап қалған жандар да бар. Президент ауыр қылмыс жасамағандарға кешіріммен қарауды құп көрді. Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бүгінгі күнге дейін 1500 адам рақымшылыққа ілінді. Жалпы, қаңтар оқиғасына қатысты 1249 адам сотталды. Оның 160-ы нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған. 991 азаматтың жаза мерзімі жеңілдетіліп, 94 адам қылмыстық жауаптан босатылды.

Тимур ТӘШІМБАЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қаңтар оқиғасы – еліміз үшін үлкен қасірет. Ол күндері мемлекет тұтастығы, Тәуелсіздігі мен қаупсіздігі қатер алдында тұрды. Президент дер уақытта шешімдер қабылдап, елімізді сақтап қалды. Мемлекет басшысы тапсырмасымен бұл оқиғаның себептері мен салдары қаралып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев үрейленген қазақстандықтарға қайта-қайта үндеу жолдады. Сабырға шақырды, қорқынышты сейілтіп, халыққа сенімділік ұялатты. Дереу шешім қабылдап, кемшіліктерді қалыпқа келтіруге тырысты.

Мақсат ЖАҚАУ, САЯСАТТАНУШЫ:

Билік естіді. Соның салдарынан біршама бастамаларды қолға алды. Бұл саяси реформалар, екінші әлеуметтік экономикалық бастамалар. Естуші билік кеше қаңтар оқиғасынан сабақ алмаса, мұндай әрекеттерді бастамас еді. Осының барлығын көргеннен кейін қоғам да, билік те бұған дайындығын көрсетті. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары бұл жолғы 2023 жылы үлкен нәтиже күтеміз. Бүгінгі бағамыз кешегі қаңтар оқиғасын екінші қайталатпау.

Қаңтарда қан төгіліп, жүрегіміз езілді. Бизнеске нұқсан келіп, қарулы күштерге соққы тиді. Қалаларымыздың астан-кестені шығып, ел азаматтарының берекесі кетті. Еске түсірсек, көңіліміз құлазып сала береді. Таяуда Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Президент қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз.

Сынаққа сынбай, сүрінбей біріге түсудің арқасында бұл күндерді де еңсердік. Дүйім елге үлкен сабақ болды. Бейбіт күннің қадырін ұғындырды. Бұқараның да талабы ескерусіз қалмай, билік халықпен ашық жұмыс істеуде. Бастысы сең қозғалды.

Қ. Мерей