Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында тауда жоғалып кеткен 12 адам табылды

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2023
  • 1363

Еліміздің бірқатар өңірінде дауылды боран басылмай тұр. Республикалық маңыздағы кейбір жол әлі жабық. Блок бекеттерде мыңнан астам көлік қаңтарылып тұр. Тілшіміз Мерей Қалиасқар қала сыртына шығып келді. Жағдайды өзі баяндасын.

Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:

Кешеден бері жабық болған "Астана - Теміртау" тас жолы ашылды. Дегенмен қарлы боран әлі соғып тұр. Көліктер ағыны көп емес. Жүргізушілер діттеген жерге жетуге тырысып бағуда.

Ескертуге құлақ аспай боранды күні жолға шыққандар мыңнан аса шақырымды басып өткен. Енді межелі жерге жете алмай келеді.

БЛИЦ:

- Қай жақтан келе жатсыздар? Қызылордадан. Бірден келдік. Мына Аршалыға тұрдық кеше. Бүгін азанды шығып, келе жатырмыз ғой енді.

- Алматыдан шығып, Балқашта, Ақсу-Аюлы, Қарағанды мен Теміртауда аяндауға тура келді. Кейбір жолдардан әзер өттік.

- Кеше кешке қарай түнімен күттік қой. Таңертең ғана жүрдік.

Астана-Теміртау тас жолынан бөлек, Астана-Павлодар мен Астана-Петрапавлға дейінгі жол ашылды. Ал Қарағанды-Баянауыл, Ұлытау-Арқалық пен шығыс аймақтағы жолдар сол күйі жабық.

Қахарман ОРАЗАЛИН, ҚР ТЖМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Жолдарда төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық штаб құрылды. Осындай штабтар өңірлерде жұмыс істейді.Тұрғындарды эвакуациялау үшін автожолдардың жабық учаскелерінде 769 уақытша жылыту пунктісі дайындалды.

Абай облысында ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран. Аягөз-Үржар тас жолында қар құрсауында қалған 60-тан аса адам эвакуацияланды. Жамбыл облысында да авариялық құтқару жұмыстары жалғасуда. Жергілікті төтенше жағдай департаментінің көмегімен 13 адам құтқарылып, жақын жердегі елді мекендерге жеткізілді, оның 3-уі- бала.

Ал Түркістан облысында тауда жоғалып кеткен 12 адам табылды. Бүгін таңғы 10-да 112 пультіне Бәйдібек ауданына 2 автокөліктің жолға шыққаны туралы хабарлама түскен. Екі күн бойы болған қатты боран салдарынан бір отбасының мүшелері кері қайта алмай, сол жерде қалып қойғаны анықталды.

Қазгидромет ақпаратынша, ел бойынша дауылды ескерту жасалды, боран алдағы күндері де жалғасады.

Мақпал БОТАЕВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:

Республиканың барлық аумағында жауын шашын алып келеді. Көбінесе қар түрінде, кей жерлерде боран, бұрқасын, көктайғақ. Еліміздің шығысында қатты қар күтіледі. Солтүстік өңірлерде ауа температурасы түнде 5-15 аяздан, 15-20 аязғай дейін, күндіз 10-20 аяздан 2-10 аязға дейін ауытқиды.

Табиғаттың тосын мінезі жолаушыларды да, құтқарушыларды да әбігерге салды. Төтенше жағдайлар министрлігі жолға шықпас бұрын ең әуелі ауа райына және смс хабарламаларға назар аудару қажет дейді.

Қ. Мерей