Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл басынан бері жоғалған үш адамның мәйіті табылды

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2023
  • 2379

Ел аман, жұрт тыныш уақытта мыңдаған адамның жоғалып жатқаны алаңдатарлық мәселе. Жоғалғандар неге оралмайды? Оларды іздеу қанша уақытқа созылады? Осы және өзге де сауалдарға әріптесім Әсел Дүкембаева жауап іздеп көрді.

Жыл басынан бері жоғалған үш адамның денесі табылды. Бір жыл бұрын із-түзсіз жоғалғандардың мәйіті жер қойнауына тапсырылды. Олар-Петропавл мен Шымкентте жоғалып кеткен екі ер адам мен Шығыс Қазақстан облысында өткен жылдың тамызынан бері табылмаған үш баланың анасы. Үшеуі де өлген. Ал өлімнің себебі мен мән-жайы айтылмайды. Тек үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағандар дейді. Ақмола облысының волонтерлық клубы басшысының айтуынша, бұндай жағдай жиі тіркеледі.

Олеся БАИМОВА, ВОЛОНТЕР:

Біз волонтерлықты бастаған кезде кішкентай қызды іздедік . Өкінішке қарай, ол қыз аман табылған жоқ. Кішкентай балалар мен жасөспірімдердің табылмауы оларды өзіне-өзі қол салуы себеп болуы мүмкін. Немесе оқыс жағдай болады. Ең ұзақ іздегеніміз 17 жастағы Игорь деген азамат болды. Үш жыл бойы іздеуді тоқтатпадық, бірақ үш жылдан соң орман арасынан оның денесін асылып тұрған күйде таптық.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан бойынша 10 831 адам іздестірілуде. 2 119 - хабар-ошарсыз жоғалғандар. Алматы қаласында - 276, Қарағандыда - 218 және Алматы облысында - 160 дерек тіркелген.

Олар әртүрлі жағдайда жоғалған. Орташа жасы - 30-49. Көбі-ер адам (77%). Үйінен шығып, қайта оралмағандар – 1 601, автокөлікпен жоғалғандар - 74, жұмыстан шығып, жоқ болып кеткендер - 36 адам.

Бұрын өрістегі мал жоғалса, оған іздеу салатын. Тіпті бір үйдің жалғыз сиыры жоғалса, құмалақшы, емші тәуіпті аралағандарды талай көз көрді. Қазір адам жоғалса, экстрасенстарды жағалайды жұрт. Экстрасенс Кямран Самедов әлеуметтік желіде осыдан бірнеше ай бұрын жоғалып кеткен ақтөбелік 4 жасар бала туралы өз пікірін білдірген еді.

Бірнеше күн өтпей жатып, 4 жасар баласын әкесінің өлтіргені туралы ақпарат шықты. Ал құпия жағдайда жоғалғандар қаншама. Іздеушісі жоқтардың тағдыры не болмақ?

Азамат БЕРДІҒҰЛОВ, ЗИРАТ ҚАРАУШЫСЫ:

Енді айына безродный дейміз 6-7 адам келеді. Оларға арнайы белгі қойылады. Табличка ілеміз. Сосын іздеуші адамдар келеді. Бір айдан кейін бе, жарты жылдан кейін бе келеді. Ковид кезінде көп болды.

Заң бойынша із-түзсіз жоғалғандарды іздеу 10 жылдан кейін тоқтатылады. Ал, 10 жылдан кейін ше, жоғалғандар оралуы мүмкін бе?

Ә. Дүкембаева