Қазір бір тісті жұлу құны -10 мың теңгеден асып жығылады. Емдеу, имплант салу құны тіпті аспандап тұр. Бұған тұрғындар наразы. Ал тіс дәрігерлері не дейді? Мөлдір Жақанның бейнематериалы.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Әдетте, біз тіс күтіміне аса мән бере бермейміз. Тіс қадірін ауырғанда білерсің демекші, жанымыз қиналғанда ғана дәрігерлерге жүгінеміз. Алайда, қазір аурудың өзінен емес, оны емдеу құнынан шошитын заман. Себебі, тіс емдеу бағасы өте қымбат.
Қызметтің ең көп көлемі Алматы қаласында көрсетілген. Алғашқы үштікке сондай-ақ елорда (7,1 млрд теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы (1,3 млрд теңге) енді. Ең аз қызмет Түркістан облысында көрсетілген.
БЛИЦ:
- Ақшасы барлар емделеді, ақшасы жоқтар жүреді тіссіз. Біз барған кезде 200-250 мың деген. 500 мың сұраған. Өз басым емдетпей қайтқанмын.
- Бұрынғыдай баға емес, әрине. Қымбаттаған бәрі. Тіс емдеу деген бұрыннан қымбат қой енді.
- Тіс емдеу бағасы өте қымбат. Ақшаны миллиондап табатындар ғана барлық тісін бірден емдетіп ала алады. Біз несие алуға мәжбүрміз.
Мемлекеттік емханаларда 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, мүгедектер, көп балалы аналар мен зейнеткерлерге тегін стоматологиялық қызмет көрсетіледі. Ақылы қызмет аламын деушілерге де мүмкіндік бар. Мұнда баға қолжетімді. Жекеменшік орталықтардың бағасына қарағанда шамамен 30 процент арзан көрінеді. Мәселен, мемлекеттік емханада тіс жұлдыру құны 5000 - нан басталса, жекеменшік орталықтарда 10.000 теңгеден асып жығылады.
Сәбит БЕКТҰРҒАНОВ, ТІС ДӘРІГЕРІ:
Бізге күн сайын талон бойынша 100-ден аса науқас келеді. Қазір тіс кариесі ең көп таралған ауру. Одан басқа да түрлі аурулармен келіп жатады. МӘМС шеңберінде тегін көмек көрсетеміз. Стоматологиялық қызметтің бағасы нарыққа байланысты өседі. Дәрінің, қажетті құрал жабдықтардың бағасы да өсіп жатыр.
Амалы қалмаған тұрғындар тіс емдетуге қаражатты зейнетақы қорынан алуға көшкен.
Әйгерім НИЯЗБЕКОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тіс емдетуге анам екеуміз қаражат шешіп алдық. Менікі 1 млн теңгеге жуық сумма болды. Анамдікі 700.000-ға жуық болды. Сол арқылы біз тісімізді емдеттік. Қазір білесіздер, тіс емдету қымбат. Осы сумманың барлығы кетті. Тіс жұлдырдық, имплант салдық.
Айта кету керек, қазақстандықтардың 96 пайызы зейнетақы қорындағы артылған соманы тіс емдеуге жұмсаған.
М. Жақан