Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды қаласында 16 қабатты үйде болған өрттен 10-нан астам пәтер бүлінген

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2023
  • 1495

Қарағанды қаласында 16 қабатты үйде болған өрттен бұрынғы полиция полковнигі Ринат Шоқаев және оның зайыбы мен ағасы қаза тапты. Ал зейнеткердің 43 жастағы ұлы терезеден секіріп кеткен. Оқыс оқиға салдарынан 10 нан астам пәтер бүлінген. Зардап шеккен тұрғындар баспаналарына оралғанымен, онда тұру мүмкін емес дейді. Келген шығынды кім өтейтіні әзірге белгісіз. Оқиға орнынан Айжан Қуаштың репортажы.

Өрт 16 қабатты үйдің 8- інші қабатындағы пәтерде тұтанған. Құтқарушылар 130 тұрғынды сыртқа шығарып үлгерген.

Еркін ҚҰСАЙЫНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйде отырдық біз. Бір уақытта бірдеңе атылғандай болды. Газ атылды ма, бірдеңе. Балконды ашып қарасам бір кісі құлапты 8- інші этаждан тура менің астымда тұратын.

Өрт сөндірушілер пәтерден бұрынғы полковник 70 жастағы Ринат Шоқаев пен оның әйелі мен 74 жастағы ағасының денесін тапқан. Ал терезеден секіріп кеткен 43 жастағы ұлы бірнеше жарақаттармен ауыр жағдайда аурханада жатыр.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Өрт дәл осы пәтерден шыққан. Жалынның күштілігі сонша үйдің іші түгелдей жанып кеткен. Алайда оқиға орнынан газ балоны табылмады. Дегенмен пәтердің қабырғалары бүтін. Оқыс оқиғаның нақты себебі әлі де анықталып жатыр.

Асқат МАҚАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жерде жарылыс болмаған. Бұл жерде тек қана өрт болған. Бір бәрін анықтап қарадық. Ол темекі болуы мүмкін, сіріңке, не шам жаққан әрекеттер болуы мүмкін.

Жәния Құсайынова өрт шыққан пәтердің дәл үстінде тұрады. Үйлеріне су ағып, түтін кіргендіктен барлық жиһаздары бүлінген.

Жәния ҚҰСАЙЫНОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

МЧС кеп есікті бұзды, полдың бәрін вскрывать еткен. Білмеймін кімнен көмек күтетінімізді. Мынадай жағдай бірнші рет. Мына үй ипотекада балам ипотекамен алған.

Ал Вадим Ахметьяновтың пәтерінен су әлі де ағып жатыр. Ол ол ма, терезеден секірген көршісі дәл осы жігіттің көлігінің үстіне құлапты. Машинасыз қалған жігіт не істерін білмей дал.

Вадим АХМЕТЬЯНОВ, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Пәтерім әбден бүлінді. Су әлі ағып жатыр. Өрт шыққан отбасы болса қаза тапты. Ұлдары ауруханада, оның үстіне менің машинама құлапты. Шығынға әбден баттым деген сөз. Кімнен өндіріп аламын. Биліктен көмек күтеміз.

Тұрғындардың айтуынша барлығы 10- нан астам пәтер бүлінген. Олар бүгін үйлеріне оралды. Үйде жарық, жылу бар. Бірақ, тұруға жарамсыз. Полиция қылмыстық іс қозғады.

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Отпен немесе қауіптілігі жоғары өзге де көздермен жұмыс істеу арқылы жасалған ауыр зардаптарға әкелген бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Аталған баптың санкциясына сәйкес 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерін түзеу жұмыстарына немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жергілікті әкімдік пәтерлердің есік терезесі жарамсыз болса ғана ауыстыруға көмектесе алатындарын мәлімдеді. Ал басқа бүлінген мүлікті тұрғындар пәтерлері сақтандырылған болса ғана сақтандыру компанияларынан өндіре алады.

А. Қуаш