Русский Сайттың толық нұсқасы

3 айлық қарындасын пышақтап өлтірген бала туралы жаңа деректер пайда болды

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2023
  • 4512

Жетісу облысы Жаркент қаласында 6 жасар бала 3 айлық қарындасын пышақтап өлтірді. Бұл уақытта анасы басқа балаларын мектепке апаруға шығып кеткен көрінеді. Үйге оралғанда қан-жоса болып жатқан сәбиді көреді. Ойын баласы мұндай жантүршігерлік әрекетке қалай барды? Әріптесім Мөлдір Жақан мәселеге үңілді.

Зардап шеккен нәресте ауруханаға жедел жеткізгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Неліктен мұндай қадамға барғанын 6 жасар бала “ол жылап мазамды алды” деп түсіндірген. Отбасында 5 бала болған. Аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Меруерт МОРЯКОВА, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жаркент қаласында жаңа туған балаға пышақ жарақатын салу фактісі бойынша ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігі (жас адамды өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істі облыстық полиция департаменті ерекше бақылауға алды.

Бұл оқиға жұртты дүр сілкіндірді. Баланың бұл әрекетке неге барғаны туралы әртүрлі пікірлер айтылуда. Біреулер қызғаныштан десе, кейбіреулер баланың психикасына онлайн ойындар кері әсер еткен дейді. Бүгінде балдырғандар оң мен солын ажырата алмаса да, жастайынан атыс-шабыс, төблестен тұратын ойындарға үйір. Уақытының көп бөлігін компьютер мен смартфонға телмірумен өткізіп жатыр. Салдарынан бала ашушаң, ызақор болып өседі. Қоғам осыған алаңдаулы.

БЛИЦ:

- Ойы бәрі сол виртуалды әлемге кетіп қалады. Мен негізі шектеймін видеойындарды өз бала-шағама келгенде, уақыт қойып қоямын.

- Мен балаларым, немерелеріме ойнатқызбаймын. Телефонды да көп қолданбайды. Нервный болады ғой, ұйқысы, аппетиті бұзылады.

- Балалар агрессивті, дөрекі болып кетеді. Үлкендердің тілін алмай кетеді. Бұл жағдайда балаға ұрыспай, онымен жақсылап сөйлесу керек.

Мұндай ойындардың бала денсаулығына өте зиян екендігін зерттеушілер, психологтар, тіпті дәрігерлер де жиі айтады. Психологтардың сөзінше, онлайн ойындар тікелей адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Олар виртуалды әлемге еніп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмай қалатын көрінеді. Бұл өз кезегінде түрлі психосоматикалық ауруларға әкеп соқтырады.

Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, ПСИХОТЕРАПЕВТ:

Заңдылық бойынша кез-келген артық нәрсе өзінің зиянын келтіреді. Сондықтан, әлбетте, телефонның ішіндегі неше түрлі құбыжықтар, мультиктер баланың психикасына әсерін береді. Ата - ана дұрыс тәрбие бермесе, жылулық, махаббатын бермесе, балалар үлгіні сол ойындардан алады.

«Қой» дегенді түсінбейтін балдырғандардың мағынасыз ойындарға күн өткен сайын қызығушылығы артып келеді. Сондықтан әр ата-ана баласының бос уақытында немен айналысатынына мән беру керек. Болмаса, мұның арты жақсылыққа апармайды дейді мамандар.

М. Жақан