Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтар 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2023
  • 1235

Ұлттық валютамыз күннен күнге әлсіреп барады. Теңге 1 жылда 7 пайызға құлдырады. Инфляция шарықтап, импортталатын тауарлардың құны өсті. Үкімет мәселені оңтайландыру үшін не істеп жатыр? Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.

Бүгін Үкімет отырысы Әлихан Смайыловтың жаңа министрлерді таныстыруымен басталды. Жуырда ғана тағайындалған жаңа министрлер елдің экономикалық-рухани дамуына үлес қосып, адал қызмет етуге серт берді.

Ұлттық экономика министрінің есебі бойынша ел экономикасы өткен жылы 3 пайызға өскен. Десе де, инфляцияның жылдық мөлшері 20,3 процентті көрсетті. Азық-түліктен бөлек, импортталатын жеке тұтынатын тауарлар, жуатын және тазалайтын заттар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмектер қымбаттаған.

Ғалымжан ПІРМАТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:

Соңғы 5 жылдағы айлық орташа көрсеткіш 0,7 пайыздан айтарлықтай асып түсті. Жылдық мәнде инфляция 20,3 пайызға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3 пайызға жеделдеді. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады.

Оған қоса, теңгенің құны түсіп, 1 жылда 7 процентке құлдыраған. Бұған геосаяси жағдайдың шиеленісуі және жаһандық қаржы нарықтарындағы қолайсыз ахуал әсер етті, дейді Ұлттық банк төрағасы. Қазір теңгемен шаққанда 1 доллар 462 теңгеге тең, ал Ресей рублі 6 теңге 65 тиынға бағаланып тұр. Үкімет басшысы инфляцияны 2 есе төмендетуіміз керек деп министрлерге нақты міндет қойды. Айтуынша, жауапты министрліктер мен әкімдіктер дер кезінде дұрыс жұмыс жүргізбеген.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Инфляцияға ең алдымен азық-түлік бағасының өсуі себепші болып отыр. Яғни, салалық министрліктер мен әкімдіктер бұл мәселе бойынша қажетті іс-шараларды жеткілікті қабылдай алмады. Біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5 пайыз шегінде болуы керек. Бұл – өте күрделі міндет. Сондықтан, кез келген проблеманың алдын-алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет.

Қымбатшылық пен инфляцияның салдарынан тапқан-таянғандарын күнкөрістеріне жеткізе алмай жүрген халық несиесін өтей алмауда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2022 жылы банктердің жеке тұлғаларға берген несиелері 14 трлн теңгеге жетіп, қарыз алушылардың саны 7 миллионға жуықтаған.

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Тұтыну несиелерінің көлемі 24,1%-ға өсіп, 7,6 трлн теңгені құрады. Несие алушылардың жалпы саны 6 868 мың адамды құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 5,6% немесе 461 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам кешіктірілген қарыз алушылардың саны 2022 жылдың басынан бері 121 мың адамға ұлғайып, 536 мың адамды құрайды.

Кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалар "өзін банкрот деп жариялау" туралы заң наурыздан бастап күшіне енеді. 3 наурыздан бастап өтініштерді қабылдау басталады.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Заңда рәсімдердің үш түрі қарастырылған яғни соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Мұндай рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады. Азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуі көзделіп отыр.

Бұл заң азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіріп, борыштық жүктемені азайтуға ғана мүмкіндік береді. Қарызды толық кешірілмейді.

А. Базарбай