Русский Сайттың толық нұсқасы

Газ бағасына мемлекеттік реттеу енгізіледі

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2023
  • 2486

Елімізде сұйытылған газ бағасы мемлекеттік деңгейде реттеледі. Мәжіліс депутаттары бүгін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Талғат Маханов отыз жылдан бері көлік тізгінінде. Бензин қымбат болған соң былтыр көлігіне газ қондырғысын орнатқан. Бір рет бакты толтырып алсам, бір апта жүруге жетеді дейді ол.

Талғат МАХАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді қымбаттатпаса болды ғой. Алдындағыдай 70 теңге болды. Қазір 50 теңге выгодно. Сосын газ қойдық. Иә сақтап тұрған дұрыс қой. Өзімізден шығатын газ. Өзімізден бәрі. Бензин қымбат. Газбен жүреміз.

Газдың бағасын мемлекет деңгейінде реттеу мәселесі көп жылдан бері көтеріп келе жатыр. Сала мамандарының айтуынша, бұрын биржалық жолмен газ сатылғанда газ бағасы үш есе көтерілген. Өйткені биржада бір аптаның ішінде баға 40 теңгеден 70 теңгеге дейін өсіп отырған.

Алтынай МҰХАНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Кейбір адамдар газдың өздерін қожайыны сезініп, ойына келген бағаға сата бастады. Ешкім халықты ойламайды. Жұрттың 180 теңге болып шарықтап тұрған бензинмен жүруге жағдайы келе бермейді.

Ақтөбе облысында 200 газ құю бекеті бар. Қазір оларға бір айға 12 мың тонна сұйытылған газ бөлінеді. Бұл - жеткіліксіз.

Ақылбек НҰРҒАЛИЕВ, КӘСІПКЕР:

Біздің облысқа бөлінетін газ сұранысты қамтамасыз етпейді. Бізге 18 мың тонна керек болса, бізге бөлінетін 12 мың тонна. Ал 6 мың тонна жетпейді. Соны пропорционалды дефференциалды бөліп берсе барлығы риза.

Енді көтерме сауда және бөлшек саудада газ бағасын Энергетика министрлігі қадағалайды. Ал жергілікті билік газ құю бекеттеріне сұйытылған газды теңдей бөлу қызметін атқарады. Министрліктің мәліметінше, алғашқы жарты жылдықта газ бағасы өзгермейді.

Асхат ХАСЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ- МИНИСТРІ:

Сұйытылған газдың бағасы бүгінгі таңда өзініңіз білесіз. Бәсекелестікті реттеу агентігімен бекітілген. Ол осы жарты жалдыққа бекітілді. Реттеліп жатыр. Болашақта мемлекетпен реттелетін болады. Бүгінгі таңда әкімшіліктерде сұйытылған газдың айналымын қадағалау әкімшілікте болғандықтан оларға қосымша құзырет берілетін болады.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Еліміздің сұйытылған газға деген қажеттілік-1,5 миллион тонна. Оны пайдаланатындардың жартысынан астамы-автокөлік иелері. Бұған дейін Қазақстан, Өзбекстан және Ресей «Үштік газ одағын » құру мәселесі сөз болған еді. Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстанға газ одағын құру туралы ресми ұсыныс түспеген. Бірақ қазір Ресей Федерациясымен газ жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Б. Рахметова