Русский Сайттың толық нұсқасы

Су жаңа білім ордасының құрылысы сынға қалды

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2023
  • 3150

Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған кентіндегі су жаңа білім ордасының құрылысы сынға қалды. 2,4 млрд теңгеге салынған мектептің жоба сметалық құжатында су ағар, акт залы және спорт алаңы жоқ. Ал, ақшаның тең жартысы екі қабатты ғимараттың тек іргетасын көтеруге жұмсалған. Шенділер мұндай шараға амалсыздан барғандарын айтады.

Жаңа жыл қарсаңында ашылған бұл мектепте қазір балалар оқып жатыр. Ғимараттың жоба сметалық құжаттамасы 2019 жылы жасалған. Құрылысқа сұралған бастапқы қаражат 3 миллиард теңгенің шамасында болған. Халық арасында шу шыққан соң, қаржыны 600 миллионға қысқартыпты. Осының салдарынан қазір мектепте су ағар және мәдени шараларға арналған акт залы жоқ.

Әділ ТАЖЕДИНОВ, №169 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Проект бойынша жоқ. Бірақ біздерде үлкен залдар бар, сол залдарды біз акт залы ретінде пайдаланып отырмыз.

«Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі болса бұл нысан тым қымбат қаржыға салынған дейді. Мамандар салыстырып қарау мақсатында басқа өңірлердегі білім ордаларының құрылысымен танысқан. Айтуларынша, дәл осындай мектеп Таразда 1 миллиард теңгеге салынған.

Ләззат БАҚТЫБАЕВА, «ӘДІЛДІК ЖОЛЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Салыстыру үшін сейсмоустойчивость дейді ғой сол бойынша 9 балл деп белгіленген Алматы, Тараз аймақтарында 3 миллиард теңгеге 1200-орындық бала оқитын мектептер салынып жатырған болса дәл осындай 600 орындық сыйымдылықтағы мектептің Тараздағы лифтімен, барлық жабдықтары қамтылған мектептің құны небары 1 миллиард теңге болып отыр.

Ал жобаны сызған жауапты мамандар қаржының көп кеткеніне өзіндік себептері бар дейді.

Орман АХМЕТОВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл мектептің орналасқан жері ыза су деңгейі 2 метр көлемінде шығып тұр. Сол себепті сейсмикаға байланысты сұрақтар туындаған. Қымбаттауы осы себептен. Өйткені бұл мектеп 2 метр армированный бетонның үстінде тұр жарылмас үшін, сейсмикаға қарсы шаралар қабылданған.

Мұның барлығын елордадан келген «Мемлекеттік сараптама» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны мақұлдапты. Осылайша 2,4 миллардтың жартысы мектептің табанына құйылған. Сондықтан қаржыны үнемдейміз деген шенділер жоба сметадан акті залы мен спорт алаңын алып тастапты.

А. Базарбай