Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысындағы Шукуровтар отбасы 36 бала асырап отыр

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2023
  • 2544

Балалы үй - базар. Қостанай облысында бір отбасында 36 бала тәрбиеленіп жатыр. Ерлі –зайыпты Шукуровтар соңғы бес жылда балалар үйінен 33 бүлдіршін асырап алған. Көп балалы шаңырақтың тыныс-тіршілігін тілшіміз Заңғар Санай жеткізеді.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қалалық білім бөлімі келтірген ақпарға жүгінсек Лисаков тұрғындары 80 бала асырап алған. Соның 33-і осы Шукуровтар отбасында тұрып жатыр.

Рустам Шукуров пен Муззама Мансурова көпбалалы отбасында өскен. Өздері де балының көп болуын армандапты. Алты сәбиінің үшеуі шетінеп кеткен соң, балалар үйіне барып 7 бала асырап алған. Кейін тағы 26 сәбиді бауырға басқан.

Рустам ШУКУРОВ, ЛИСАКОВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жасыратыны жоқ. Басында сәл қиналдық.Тәжірибе болмады. Кейін ақырындап үйреніп алдық. Құдай қаласа тағы бала асырап алғымыз келеді. Енді 20 бала бағуға қарсы емеспіз.

Татар, орыс, украин, қазақ, сыған балалары тату-тәтті бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатыр. Үйдің үлкендері іні-қарындастарына қарайласып, үй тапсырмасын орындауға көмектеседі. Өкпелетсе өштеспейді. Дереу татуласады. Берекелі ұядан түлеп ұшқандар да бауырлары мен ата-анасына жиі келіп тұрады.

Евдокия НОМОКОНОВА,СТУДЕНТ:

Бір-бірімізді түсінеміз. Ренжісіп қалсақ та тез татуласамыз. Көмектемесіз. Ата-анамыз өте жақсы кісілер. Жиі отбасылық жиын, мерекелік шаралар ұйымдастырып тұрады. Кәдімгі өз үйімізде жүргендей алаңсыз өмір сүріп жатырмыз.

Володя КРАВЧЕНКО,ОҚУШЫ:

Осы отбасы маған қатты ұнайды. Бауырларымның бәрі жақсы. Ата-анам тіпті керемет жандар. Қалаған тамағымызды жейміз. Ұйқымызды қандырамыз. Ойынды да қатырамыз.

Шукуровтардың баспанасы 500 шаршы метрден асады. Алдағы уақытта бірнеше үлкен үй салуды жоспарлап отыр. Көпбалалы шаңырақтың шағын шаруашылығы бар. Бау-бақшада өсірілген өз өнімдерін тұтынады. Күн сайын отбасыға 30 бөлке нан керек. Балалардың қарны тоқ. Киімі көк. Ешкімге қол жайып көмек сұраған емес.Тіпті «Мектепке жол» акциясынан да бас тартып келеді ,- дейді білім бөлімінің мамандары.

Вера СОКОЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

23 баласы мектепте оқиды. Тағы төртеуі студент. Біреуі университетте, үшеуі колледжде оқып жатыр. Бұл отбасы балалардың оқуына ерекше көңіл бөледі.

Мейірімді Музамма мен қайырымды Рустам тәрбиелеген 8 студент қазір әр қалада білім алып жүр. Ата-анасы оларға баспана жалдауға ақша беріп, азық-түлікпен көмектесіп отырады. Ал үйдің кенжесі Азиза алты жаста. Ол берекелі отбасыға 11 айлығында келген.

З. Санай