Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жылыжай ішіндегі қызанақтар үсіп кетуіне не себеп?

  • AstanaTV
  • 18 қаңтар 2023
  • 1811

Шымкентте жылыжайдағы өнімдер үсіп кетті. Соңғы он жылда болмаған аяз өңір шаруаларын тығырыққа тіреді. Қалың қардан кейбір жылыжай қирап қалған. Бір ғана шаруашылықтың өзі 100 млн теңгеден астам шығынға ұшырады. Әріптесім Айзада Төребекқызы тақырыпты толығырақ тарқатады.

3 гектар аумаққа қызанақ көшетін еккен бұл шаруашылық жазға дейін өнім алуы тиіс еді. Голландиялық қымбат көшеттер бірақ үсіп қалған. Серіктестік өкілдері бұл ең алдымен көмірдің тапшылығынан және сапасыздығынан дейді.

Серік МҰСТАФАЕВ, ЖЫЛЫЖАЙ БАСҚАРУШЫСЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

Көмір қыздыра алмайды. Қыздырған күннің өзінде енді бізге керекті градусты бере алмайды да, сол себепті бас жағы жылы боп тұрды жылыжайдың, аяқ жағы суы қызып, насос айдап жетем дегенше аяқ жағы суып қалып жатты. Сонымен өткендегі қатты аяздарда мына жағы қатып қалған, содан үсік алып жатыр былай қарай.

Жылыжайдың жарты бөлігіндегі құбырға мұз қатып, жарылған. Өйткені қатты отынның қиқымы көп болғандықтан төрт қазандықтың екеуі істен шығыпты. Жұмысшылар қызанақтарды енді амалсыздан көк түйін күйінде теріп алып жатыр. Қораптарда іріктелген көк томаттарды қызартып, арзанға болсын өткізгісі бар. Тым болмаса коммуналдық төлемге кететін қыруар қаражаттың бір бөлігін жабуға сеп бола ма дейді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жылыжайдың біраз бөлігінде мына секілді терілмей қалған қызанақтар тым көп. Кейбірі қып-қызыл боп көзге әдемі көрініп тұрғанмен, мамандар оның жеуге жарамайтынын айтады. Жылы жерге барғаннан кейін суы шығып, дәл осылай ағып кетеді дейді.

Жылыжайдың қазіргі шығынының өзі 100 млн теңгеден асады.

Банктен несие алып кәсіп бастаған серіктестік өкілдері сондықтан несиені өтеу мерзімін тоқтата тұрса деген тілегі бар.

Мерей ТЕРЛІКБАЕВ, БАС АГРОНОМ:

Әдетте негізі осы біздің продленкадағы план ол 1200-1300 тоннадай теру керек болатынбыз негізі. Алайда біз қазір 250 тонна ғана тердік. Қалған өнімнің бәрі ысырапқа кетті, үсіп кетті. Енді осы бүкіл томат өсімдікті, үсіген өсімдіктің бәрін жинап алып, қайтадан егу керек боп тұр. Оның барлығы уақыт, оның бәрі қосымша шығын. Ремонт жұмыстарының барлығы шығын.

Түркістан облысы аумағындағы жылыжайы бардың бәрі шығынға шаш етектен батып отыр. Сарыағаш пен Қазығұрт ауданындағы кейбір жылыжай қалың қар мен қатты аязға шыдамай құлап қалған. Кейбірі көктемге үлгеруі керек көшеттерді уақытында еге алмай отырғандарын айтады. Себеп -қатты отынның қаттығы. Алайда аймаққа қажетті көлемде көмір жеткізу мәселесі жергілікті жерде шешілер емес.

Әли БЕКТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Сарыағаш ауданының тұрғындары мен шаруаларын әлеуметтік көмірмен қамтамасыз етуді тез арада шешу керек. Бүгінгі таңда Сарыағаштың көмір базаларында халыққа қажетті көмір жоқ деп айтуға болады. Ал жылыжайлар өнімінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлдіру мәселесі ушығып тұр.

Жылыжайдағылардың ендігі үміті - күннің тездетіп жылынуында болып тұр. Әзірге құбыр қатып қалмас үшін сапасыз отынмен ілдалап күн кешуде.

А. Төребекқызы