Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерекше балаларды тәрбиешілер ұрып-соғып, 48 секундта тамақтандырған

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2023
  • 1826

«Балам балабақшадан үнемі шөлдеп келеді, үсті-басы жырылған». Бүгін астаналық ерекше балалардың ата-аналары осылай деп дабыл қақты. Бас қаладағы балаға қатысты «бассыздыққа» қашан тоқтау болады? Мекеме басшылығы мен құзырлылар хабардар ма? Тепкінің астынында қалған бейкүнә сәбилердің жазығы не? Мәселенің мән-жайын әріптесім Әсел Дүкембаева оқиға орнына барып анықтап көрді.

Бұл бейнежазба елордадағы инклюзивті орталықтың бірінде түсірілген. Қызметкер бүлдіршіндерді жұлқылап, ұрып жатқанын анық көруге болады. Ерекше баланың анасы 48 секундта қашаны қалай жегізіп үлгергені таңғалдырды дейді.

Әйгерім, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Басында дабыл қағуымның себебі – балам үнемі үйге келгенде су сұрайтын. Тіпті жарты сағатта 2 литр су ішіп қоятын. Бұны тәрбиешілерге ескерттім. Бала ғой деді. Бірақ үсті көгеріп, тырналып келді. Сол кезде бейнекамераны көрсетуін өтіндім. Ал ана жақта болған оқиғаны айта алмаймын. Аузына 48 секундта кашаны тығып жіберген. Бұл мүмкін емес қой.

Үміт, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Асылым деймін ғой, осылай қолын бүгеді. Қорқақ болып кеткен. Асылым десең болды, жылап шыға келеді. Менің баламнан байқағаным Тамара нянечка глухонемая что она к ней не идет! Мен соны байқадым. Қорқатынын, соны байқадым. Мән бермедім.

Ерекше балалардың ата-аналары тәрбиешілердің жауапқа тартылғанын талап етуде. Бірақ орталық жабылғанын қаламайды.

Сергей САХАНОВ, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:

Шынымды айтайыншы, балам осында келіп жүргеніне 7 жылдай болды. Бәріміз жұмыстамыз, бала деп қолымыз байланып қалған да дұрыс болмайды. Бәрінде кредит бар. Ешқашан балам келіп, жылап шағым түсірген емес. Қандай да бір прогресс бар деп айта алмаймын. Себебі баламның диагнозы прогресске, емделуге келмейді. Оған тек қарап отырса болды. Сол үшін орталықтың жабылғанын қаламаймыз. Әрине, әркім өз ісі үшін жауап беруі тиіс.

Ата-аналар шағымынан кейін арнайы тексеріс жүргізіліпті. Ерекше балаларға мейірімділік танытпаған екі қызметкер жұмыстан шығарылды. Олар да мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Есту қабілеттерінде ақау бар.

Қаршыға СӘРСЕНБАЕВА, ИНКЛЮЗИВТІ ОРТАЛЫҚТЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Мен бірден видеоны көрсеттім, өзіміз де қарамаймыз. Оған күнделікті оған уақытымыз жоқ. Мен ата-аналармен бірге көріп, қиындыққа тап болдық десем де болады.

Жұмыс босатылуымен ғана жауапкершілік шектелмейтін секілді. Балаларды ұрып-соққан астаналық тәрбиешілердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Эльмира ШӘУЛЕНОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

«Алматы» аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК-нің 140-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша кінәлі адамдарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады.

Түсірілім барысында орталыққа тиісті министрліктердің барлық өкілдері келді. Орталық басшысы 10 жылдан бері мұндай оқиға бірінші рет тіркеліп отырғандығын айтты. Құзылылар мәселені назарда ұстайтындықтарын жеткізді. Кінәлілер жауапкершілікке тартылады деп сендірді.

Ә. Дүкембаева