Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда 775 миллион теңгеге салынған жаңа емхана құлағалы тұр

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2023
  • 1462

Алматыда 775 миллион теңгеге салынған жаңа емхананың сапасы сын көтермейді. Ғимараттың қабырғалары жарылып, төбесі құлайын деп тұр. Алайда медициналық мекемені жөндеуге билік өкілдері асықпайды. Аталған мәселені «AMANAT» партиясының мүшелері бақылауға алды.

2017 жылы пайдалануға берілген емхананың бүгінгі сиқы осы. Ғимарат шөгіп барады, қабырғалар қақырап тұр. Дәрігерлер жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрап бірнеше рет хат жазған көрінеді. Бірақ нәтиже жоқ.

Ләззат ЖҰМАДІЛОВА, АЛМАТЫ қ. № 7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қорқыныш бар. Өздеріңіз көрдіңіздер, қанша см төмендегенін. Пациенттер де сыртыннан көріп, кіруге де қорқады. Әр сотрудник осы подвалға кіріп, киініп-шешінеді. Дәрі-дәрмек тұр. Өзіміздің қызметкерлер бар ремонт жасайтын аурухананың күшімен.

Емханада 200 маман қызмет етеді. Тәулігіне 400-ге жуық науқас қабылдайды. Олардың бәрінің өміріне қауіп төніп тұр. Аурухана қызметкерлері өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізген. Оған 4 жарым жыл ішінде миллион теңге жұмсалған көрінеді.

Манас РАМАЗАНОВ, АЛМАТЫ қ. №7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

ДЧС-ке де хабарластық. Институт сейсмологииға да хабарластық. Қағаздарына қарасақ, еш қауіп жоқ, пайдалана беруге болады дейді. Бірақ жыл сайын көріп отырмыз, ғимарат отырып жатыр. 5 жылдың ішінде 10 шақты см ге отырған шығар.

«AMANAT» партиясының мүшелері бұл жағдайды бақылауға алды.

Ерболат ҚАСЫМОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ЭКС- ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Емхана, ауруханалар, мектептер кем дегенде 10-15 жыл ремонтсыз тұру керек. 4 жылдың ішінде қайтадан жөндеу керек болып тұр. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Партия тарабынан осы мәселені көтеріп, аяғына дейін жеткіземіз.

Ал емхана қызметкерлері әрі қарай да жандарын шүберекке түйіп жұмыс істеуге мәжбүр.

М. Жақан