Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда орта мектеп директоры туберкулездің ашық түрімен ауыратыны анықталды

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2023
  • 2142

Атырауда орта мектеп директорынан туберкулездің ашық түрі анықталды. Алайда жұқпалы дертке шалдыққанын білмей, ол қанша уақыт бойы білім ордасында жүргені белгісіз. Сондықтан қала мектебінің ата-аналары құрт ауруы балаларына жұғып кетпеді ме деп қауіптеніп отыр. Мектеп басшысы жаңа жылдан кейін өзін жайсыз сезініп, жиі шөлдеп, салмақ тастай бастағанын байқаған. Рентгенге түскенде өкпесінде өзгеріс бар екендігі анықталыпты. Бірақ дәрігерге қаралмай, өздігінен ем қабылдаған. Жұмыста жүріп, жекеменшік медициналық ұйымдарға барған. Тексерістерден соң қан диабеті анықталған. Онан кейін туберкулез диагнозы қойылған. Дәрігерлер мектеп директорын бір жылдық медициналық тексерістен соңғы рет былтыр ақпан айында өтті деп отыр. Сол кезде жұмысқа жарамды болған. Ол басшылық ететін мектепте 1300-ге тарта оқушы білім алады. 112 мұғалім қызмет еткен.

Еркін САБИРОВ, №4 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Науқасымыз қазір облыстық фтизопульмонологиялық орталықта жатыр. Туберкулез таяқшасын бөлу түріменен ауырып жатыр. Оны өзінің тиісті аппараттарда, құрылғыларда анализдердің қорытындыларымен бекітілген.

Білім бөлімі басшылығы директордың қаңтар айынан бері оқушылармен байланыста болмағанын айтып отыр. Сондықтан тек мұғалімдер мен отбасы мүшелерінен зертханалық сараптама алынады. Бұл жағдайдан кейін білім беру ұйымдары қызметкерлерінің санитарлық кітапшасының жалған не жалған еместігі де тексерілмек.

Б. Нәдірқызы