Русский Сайттың толық нұсқасы

Франциялық «Пари Сен-Жермен» Сауд Арабиясының Эр-Рияд құрамасын 5:4 есебімен жеңді

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2023
  • 1785

Сауд Арабиясындағы жолдастық матч футбол десе делебесі қозатын жанкүйерлерді ғана емес, жалпы спортқа елең ететін жанды бей-жай қалдырмады. Өйткені Фахд патша стадионында бұл дәуірдің ең үздік ойыншылары Роналду мен Месси бір біріне қарсы ойнады және бұл олардың соңғы текетіресі болуы да мүмкін. Франциялық «Пари Сен-Жермен» Сауд Арабиясының Эр-Рияд құрамасын 5:4 есебімен жеңді. Жеңімпаздар сапында Лионель Месси, Маркиньос, Серхио Рамос, Килиан Мбаппе және Уго Экитике ерекшеленді. Ал Эр-Рияд сапында Криштиану Роналду дубль жасады. Қорғаушы Чан Хюн Су мен шабуылшы Талиска көзге түсті. Тартысты матчты 70 мың жанкүйер тамашалады.

Сальва ГУИЛИ, ТУНИС ТҰРҒЫНЫ:

Мен есеп осылай болады деп күткен жоқпын, өйткені Мбаппе, Роналду және Месси сияқты мықты ойыншылар бар. Яғни әр 5 минут сайын толқып, гол күтесіз, ойын тағдыры мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін. Жалпы атмосфера керемет. Келгеніме еш өкінбеймін.

37 жастағы португалдық Криштиану Роналду Матчтың үздік ойыншысы болып танылды. Ойын біте сала ол инстаграмда өзінің матчтан алған әсерімен бөлісті.

Криштиану РОНАЛДУ, «ӘЛ-НАСР» ФК ШАБУЫЛШЫСЫ:

Алаңға оралып, гол салғаныма қуаныштымын. Ескі достарымды көру де көңілге медет болды.

Соңғы рет Роналду мен Месси 2020 жылдың 8 желтоқсанында Чемпиондар лигасы аясында кездескен. Итальяндық Ювентус испандық Барселонаны 3-0 есебімен жеңіп, Криро ол матчта да дубль жасаған. Жалпы бұған дейін екі ойыншы 36 рет бір біріне қарсы ойнады. Матч алдында Аргентиналық ойыншы Instagram желісіне сторис жүктеді. Онда Месси мен португалиялық жұлдыз бір-біріне жылы шырай танытып, құшақтаса амандасты.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25- ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына шықты. Отандасымыз үшінші айналымда әлемнің 11-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасты. 23 жастағы теннисші 6:2, 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Елена РЫБАКИНА, «УИМБЛДОН» ЖАРЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Жеңгеніме өте қуаныштымын, өйткені ойынның оңайға соқпайтынын, соңына дейін бір-бірімізге дес бермейтінімізді білдім. Сол себепті өте тиянақты дайындалдым. Салыстырмалы түрде мен қарсыласымнан күштірек, мықтырақ болдым.

М. Қалиасқар