Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда бір айдан астам комада жатқан сәби көз жұмды

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2023
  • 2016

Қостанайда бір айдан бері комада жатқан сәби көз жұмды. Наркоздан оянбаған күйі қаза тапқан баланың өліміне қатысты тергеу басталды.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері 15 желтоқсан күні 5 балаға анестезиямен жоспарлы урологиялық операция жасалғанын айтады. Одан кейін бесеуінің де қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлаған көрінеді. Соның бірі комаға түсіп, ес жимаған. Компьютерлік томографиядан өткізгеннен кейін миына сәл қан құйылғаны байқалыпты. Астанадан арнайы мамандар келген. Алайда өкінішке қарай 3 жастағы бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмады дейді дәрігерлер.

Игорь БЕЛОБРЖИЦКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жағдайы сәл тәуір болса, санитарлық ұшақпен Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық орталығына жеткізу керек деген шешім қабылданды. Өкінішке қарай, оны елордаға жеткізуге жағдайы көтермейтін болды. Сондықтан осында емдеу жалғасты.

Балаларға қолданылған препарат әбден тексерілген. Бұған дейін де қолданыста болған. Дәрігерлер дәл сол сұйық дәріден зауал келуі мүмкін емес деп отыр. Оны енді сараптама нәтижесі анықтайды. Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлады.

Бауыржан ҚАСЫМХАН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Наркоздан кейін комаға түскен 3 жасар баланың қайтыс болу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу бастады. Қазіргі таңда қажетті тергеу әрекеттері мен сараптамалар жүргізіліп жатыр.

З. Санай