Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2023
  • 2412

Елімізде шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды. Таң сәрімен ХҚКО ағылған жұрттың қарасы қалың. Алғашқы болып, Алматы қаласының тұрғыны көлігін тіркеді. Ішкі істер министрлігінің кешкі 6-дағы ақпараты бойынша, 2000-нан астам өтінім мақұлданған, оның ішінде 100 адам тиісті құжаттарын алды. Толығырақ өңірлердегі тілшілеріміз сабақтайды.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Бүгін Елордадағы ХҚКО қызметкерлерінің жұмысы еселеп артты. Себебі мұнда келген ығы-жығы адам өте көп. Көлікті заңдастырудың алғашқы күнінде барлығы үлгеріп қалуға тырысуда.

Шетелдік автокөлігін алғаш болып заңдастырғандардың бірі – Ардақ. Айтуынша көлікті 2 жыл алдын Ресей елінен әкелген. Бір Қазақстандық нөмерге ауыстырғанына қуаныштымын дейді.

Ардақ АСҚАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бәрі оңай болды. Қуанып тұрмын. Бар болғаны шамамен 215 мың теңгедей шықты. 200 мыңдай салыққа төледім. 4 мың теңгедей авткөліктің тіркелуіне, 8 мыңдай көліктің номеріне төледім.

Көлікті заңдастырудың өз талабы бар. Көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген болуы керек. Сондай-ақ, онда қылмыстық есепте тұрмауы қажет. Бұрын тіркелген жерінен есептен шығарылуы керек. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі шарт. Егер осы талапқа автокөлік сай болса, тіркеу жүргізіледі.

Бауыржан ТОҒЖҰМАН, АСТАНА қ. ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Кісілерден барлық құжаттар алынып қарастыру жұмыстары жүргізіледі. Қарастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін мобильдік телефонына арнайы смс хабарлама келеді. Егерде мемлекеттік нөмер алуға рұқсат етілген жағдай болатын болса арнайы орынға өтеді. Орынға өткеннен кейін бірінші автокөлікті қарайды. Яғни нөмерлерін кузовын т.б арнайы нөмерлерін қарайды. Содан кейін келіп мемлекеттік тіркеу нөмерін алады.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Қазір елімізде 300 мыңнан астам шетелдік көлік бар. Оның бәрі заңдастырылуы керек. Тіркеу 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Айта кетейік, үйде отырып-ақ көлікті тіркеуге мүмкіндік бар. ЕGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасында шетелдік автокөліктерді заңдастыруға арналған сервис іске қосылды. Соның негізінде электронды өтініш беруге болады. Әрі қарай қарағандылық әріптесім Айжан Қуаш жалғастырады.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қарағандыда да мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мен бірге полиция, кеден қызметкерлері темір тұлпар иелеріне құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Аймақта ең бірінші болып мемлекеттік тіркеу нөмірін Мәрлен Наурызбаев алды. Ол былтыр Грузиядан әкелген «Лексусын» тез арада заңдастырды.

Мәрлен НАУРЫЗБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

22 жылы алып келгем июль айында сол тосып жаңағы легализация болады дегенді естіп бүгін 200 мың төлеп учетқа қойдым. Міне Қазақстанның нөмірін алдым көріп отырсыздар, көп Рақмет. Бүгін жалғыз өзім алыппын бірінші нөмірді.

Алайда бүгін көліктерін заңдастыра алмағандар да баршылық. Олардың көбі – ел шекарасына қосалқы бөлшек ретінде енген машиналар.

Елжас ЖАРТЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ӘПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Талапқа сай келмегендер шығып жатыр. Тіркеуден шешілмеген автокөліктер. Олар өзінің сол кедергілерін жою үшін бірінші шілдеге дейін уақыттары бар. Содан қайтадан келіп осы жерге құжаттарын тапсыруға құқы бар.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қарағанды облысында шетелден әкелінген 10 мыңға жуық автокөлік бар. Олардың көбі Ресейден, Грузия, Армения мен Қырғызстаннан әкелінген. Араларында сары нөмірмен жүргендер кездеседі. Ал Ақтөбедегі ахуалды әріптесім Бақыт Рахметова айтады.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбеде де бүгін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алды адамға толды. Қалада 5, облыста 4 халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Өңірде 70 орында заңдастыру рәсімдері жүріп жатыр. КСМ Кейбіреулер егов порталы арқылы өтініш берген, ал біреулер екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы өтініш жіберген. Алғашқылардың бірі болып өзінің көлігін рәсімдеп қуанып тұрған бұл - Нұрдәулет Қуанышбай. Ол өзінің «Тойота Королла» автокөлігін 2019 жылы Ресейден әкеліпті.

Нұрдәулет ҚУАНЫШБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазақ нөмірде 200 мың теңгеге алған деген ол жақсы нәрсе ғой. Қазір деген расторможка төлеу керек. Утильсбор бар. Ол кезде машина бағасы маған 3 млн-ға шығып кететін еді.

Алғашқы бір-екі сағатта екі жүзге жуық өтінім түскен. Оның 20 ғана өз көліктерін рәсімдей алды. Қалған 150 көліктің өзге елден тіркеуден шықпауы, заңға сәйкес құжаттарының рәсімделмеуі және басқа да себептері болғандықтан заңдастырылмаған.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Сұрақ көп. Мамандар барынша кеңес беріп жатыр. Ең бастысы, көлік ұрланбаған болуы тиіс. Ақтөбеде шетелден әкелінген 27 мың астам автокөлік бар.

Д. Оңласын