Русский Сайттың толық нұсқасы

Синтетикалық есірткі жасырған студенттер ұсталды

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2023
  • 1682

Қостанайда синтетикалық есірткі жасырғандар ұсталды. Polisia.kz. таратқан ақпаратқа сәйкес, олар жергілікті колледж студенттері. Күдіктілер есірткіні үйлердің кіреберістерінде, соның ішінде пошта жәшіктерінде жасырған.

Тінту кезінде студенттерден ақ түсті ұнтақ заты бар 50 байлам тәркіленді. Кейіннен жалдамалы пәтерді тінту кезінде ірі көлемде 192 грамм синтетикалық препарат-мефедрон табылды. Қазіргі уақытта күдіктілер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы бойынша уақытша ұстау изольяторына қамауға алынды.

– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы қылмыспен айналысқан 23 жастағы күдікті ұсталды. Тінту кезінде одан салмағы 20,08 грамм болатын А-PvP есірткі психотроптық заты тәркіленді. Ұсталған адам қамауға алынды, – деді ПД бастығының орынбасары Дүйсембай Байбосынов.

Осы фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция есірткі таратумен айналысатын адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері Қостанай полицейлері заңсыз айналымнан бір келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі.