Русский Сайттың толық нұсқасы

Өңірлердегі талапқа сай келмейтін қоқыс полигондары анықталды

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2023
  • 1449

Еліміздегі қоқыс полигондары талапқа сай емес. Бұл туралы «AMANAT» партиясының партиялық бақылау комитеті жүргізген тексеру кезінде анықталды.

Алматы облысы Екбекшіқазақ ауданының тұрғындары 20 жылдан астам уақыттан бері мәселені шеше алмай келе жатқандарын айтады. Ауыл жанында үйілген қоқыстың иісінен қысы-жазы дем алу мүмкін емес дейді. Ол аздай, әрі-бері өткен көліктер жол бойына қалдықтарды тастап кететін көрінеді.

Сәуле МӘМБЕТКӘРІМОВА, ТҮРГЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізде мына жақта карьер бар, сол карьерге бүткілі мына Алматы, жан-жақтан келеді ғой машиналар, солар келіп төгіп кетеді. Осы жаққа өтіп бара жатқан елдің бәрі осы жерге тастап кетеді ғой. Шынын айтқанда шаршадық осы мусордан.

Ержан КӘРІБАЕВ, ТҮРГЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Алдыңғы жылы камераны да қойғанбыз мына жоғарыға зданияға, оны да сындырып тасталыды ғой, екі айдың көлемінде, адамды да отырғызып қойдық. Облыстық маңызы бар автожол болғандықтан біз бұл жолды жаба алмаймыз. Өткен жылдың аяғында жобалық-сметалық құжаттамасына яғни мына қоқыс алаңын жою, яғни рекультивация жұмысына жасау үшін жобалық- сметалық құжаттамаға қаражат қарастырылып, 7 млн теңгенің көлемінде бөлінді.

Қалдықтар мәселесі еліміздің өзге өңірлерінде де өршіп тұр. Батыс Қазақстанда Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандарындағы қоқыс төгетін орындар тексерілді. Әсіресе Бөрлі ауданына қарасты Ақсай қаласының ахуалы өте нашар. Мұндағы қоқыс полигонының аумағы 16 гектар болғанымен, төгілген қалдықтардың көлемі екі есе көп. Қазір жергілікті әкімдік жаңа қоқыс полигонын ашу бойынша құжаттар дайындап жатыр. Бірақ мәселенің қашан шешілері белгісіз. Бұл аздай, бірқатар ауылда қоқыс төгетін орынның аумағы қоршалмаған. Осының кесірінен тұрмыстық қалдықтар шашылып жатыр. Орал қаласындағы қоқыс полигонының да жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Ал жаңа полигонның қашан салынары белгісіз.

Айжан ЫСҚАҚОВА, «АМАNАТ» ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Республиканың әр аймағынан осындай ауқымды, рұқсатсыз пайда болып жатқан қоқыс алаңдары жайлы ақпарат түсіп жатыр. Біз бұл мәселе жөнінде тиісті комитет құрып, Экология министірлігін шақырғымыз келеді. Қазақстаның әрбір өңірінде, өкінішке орай, өте көп қоқыс жиналатын аймақтар пайда болған. Ол, әрине, біріншіден тұрғындардың жауапсыз әрекеттерінен, екіншіден сол аймақтардағы атқарушы биліктің салғырттығынан да болуы мүмкін.

Қазақстанда жыл сайын өндірістік зауыттардың саны көбеюде, ал оның қалдықтарын игере алатын қоқыс полигондары әлі нормаға сай емес. Президент Қасым Жомарт Тоқаев соңғы жылдары еліміздегі Экология мәселесіне аса қатты көңіл бөлуді тапсырып, бірқатар шараларды іске қосуды тапсырған болатын. Партия бұл мәселені назарда ұстамақ.

Ә. Пернебек