Русский Сайттың толық нұсқасы

17 мыңнан астам шенеунік қысқартылады

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2023
  • 1760

Өзбекстанда әкімшілік реформа аясында 17 мыңнан астам шенеунік қысқартылады. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев «Республиканың атқарушы билік органдарының қызметін тиімді жолға қою жөніндегі бастапқы ұйымдастыру шаралары туралы» тиісті Жарлыққа қол қойды,- деп хабарлайды Астана телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Құжатқа сәйкес, министрліктер мен ведомстволарда бюджеттік және бюджеттік емес қаражат есебінен қаржыландырылатын басшы және өндірістік персоналдан барлығы 17 447 адам қысқартылады. Бұл - мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 24 проценті. Соның ішінде министрліктер мен ведомстволар басшыларының орынбасарларының саны 207-ден 144-ке немесе 30%-ға қысқартылды. Министрліктер мен ведомстволар қызметкерлерінің жалпы саны 56 573 штатпен шектелген. Қаулыда министрліктер мен ведомстволардың бюджеттік емес қаражат есебінен басшы персоналдың қосымша штат енгізуіне үзілді-кесілді тыйым салынады. Мемлекеттік аппаратты реформалау нәтижесінде 703 қызметтік көлік пен 10 ғимарат босатылды. Алдын ала болжам бойынша, қызметкерлерді қысқарту 1,5 триллион сумды (132 миллион доллар) үнемдейді. Қызметтік көліктер санын азайту бюджетті тағы 70 миллиард сум (6 миллион доллар) үнемдейді. Айта кетейік, Өзбекстан басшысы парламентке жыл сайынғы жолдауында мемлекеттік басқару саласында ауқымды реформа жүргізілетінін, оның ішінде министрліктер мен ведомстволар санын қазіргі 61-ден 28-ге дейін қысқартатын жаңа реформа жариялаған болатын.