Русский Сайттың толық нұсқасы

Рио олимпиадасының қаһармандары елге оралуда

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2016
  • 3791

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржыны тағы бір қоламен толықты. Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова бұл жолы қола иеленді. Ал бүгін жүлдегерлердің алды елге орала бастады. Алматы жұртшылығы ел намысы сарапқа салынған додада аянып қалмаған дзюдошыларды қарсы алды. Елден қарапайым спортшы болып кетіп, чемпион болып оралған Дмитрий Баландинді де халық құшағына қысты. Ел қуанышымен тілшіміз бөліседі.

Жеңімпаздардың түнде келетініне қарамастан, әуежайға жиналғандардың қарасы қалың болды. Барлығының тілегі бір. Ол - ел абыройын асқақтатқан дзюдошыларға құрмет көрсету.

Күміс жүлдегер Елдос Сметовты күтіп алуға ата-анасы Тараздан арнайы келді. Бүгін олар үйдегі ерке Елдосты емес, қазақ елінің серкесі атанған азаматты күтіп тұр.

Бақтыбай Сметов, Елдос Сметовтың әкесі:

Кішкентай кезінде айтқан күнделігінде жазған, басты мақсатым - Құдай қаласа, олимпиада ойындарына қатысу деп. Чемпион боламын деп айтатын. Елдос 5-6 жасынан спортпен айналысты. Ерінбей еткен еңбектің нәтижесінде осындай нәтижеге жетіп отыр.

Риодан ұшқан ұшақ көп күттірмей қазақ жеріне қонды. Дзюдо спортынан қоржынға күміс пен қоланы салған екі жеңімпаз жанкүйлеріне алғыс айтты. Олар, төрткүл дүние мықтыларының басын қосқан додада олжалы оралу оңайға соқпады, дейді. 

Елдос Сметов, Олимпиаданың күміс жүлдегері:

Осы жеңісімді еліміздің егемендік алғанына 25 жылдығына және ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнаймын. Және қазақ еліне арнаймын.

Отгонцэцэг Галбадрах, Олимпиаданың қола жүлдегері:

Олимпиада медалі - менің арманым, оған жеткеніме қуаныштымын. Алға, Қазақстан!

Ал таңсәріде шаһарға Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин келді. Қазақстанның жүзу спорты тарихында тұңғыш рет алтынды олжалаған "алтын баланы" қала әкімі Бауыржан Байбек қарсы алды. Мінбеден сөз алған чемпион сенім артқан жерлестеріне алғыс айтты.

Дмитрий Баландин, Олимпиада  чемпионы:

Суға сүңгіп кеткенде, не болып жатқанын түсінбейсің. Сондықтан мен жеңіске жеткеніме ұзақ уақыт сенбей, кестеге қайта-қайта қарап, тексере бердім: Қалайша мен жеңдім? Бұл қателік емес пе? Кейіннен ғана жеңгенімді сеніп, сіздерге осындай қуаныш пен мақтаныш сыйлағанымды түсіндім. Спортқа жағдай жасаған Елбасына, қолдау көрсеткен еліме алғысым шексіз.

Жүзу спортында сенсация жасау үшін Дмитрий Баландин көп тер төкті. Оның қажырлы еңбегіне әлем тәнті болды, - дейді бапкер.

Алексей Казаков, Д. Баландиннің жеке бапкері:

Бразилия жұртшылығы таңқалды. Баспасөз құралдары оның жеңісі туралы жарыса жазды. 17 млн-ға жуық халқы бар Қазақстан елінің бір ғана азаматы бір қаласында 22 млн жан тұратын Бразилияны есеңгіретті. Әлемнің жүзу спортында сенсация жасады. Бұл айтылған сөздер бізді қанаттандырды. Көк туымызды көкте желбіретіп, елеміздің мерейін үстем еттік.

Чемпионынан қолтаңба алуға асыққан жас пен жасамыста есеп болмады. Жиналғандар Диманың суреті бейнеленген жейдені киіп, "алтын ұлдарымен" суретке түсіп мәре-сәре болды.

Айгүл ЕРМАХАН