Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстанда екі бірдей жеткіншекті ұрлаған зейнеткер жеті жылға сотталады

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2016
  • 2977

Оңтүстікте кәмелетке толмаған екі жеткіншекті ұрлады деп айыпталған 60 жастағы зейнеткер жеті жылға сотталды. Ордабасы аудандық сотының судьясы оған осындай үкім кесті. Балжан Орақбаева жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтейтін болады. Сотталушы екі бірдей баланы, яғни Нұрай Өмірәлі мен  Мұхаммед Қамшыбекті, ұрлағаны үшін сотқа тартылған еді. Алайда Нұрай Өмірәліні ұрлау оқиғасына орай қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. 

Салтанат Қойтекеева, Ордабасы аудандық сотының судьясы:

Ұрланған адамды өз еркімен босатқандықтан, қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Сонымен бірге 119 баптың 1-бөлігі, қазіргі ҚР Қылмыстық кодексінің нормасына сәйкес, «қылмыстық теріс қылық» деп аталады. Оқиға 2013 жылы болғандықтан, оның ескіру мерзімі бар, соған байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Еске салайық, Мұхаммед Қамшыбекті сотталушы 20 ақпан күні мектептен шыққан жерінде алдап алып кеткен болатын. Балақай үш күннен кейін Арыс қаласында еріктілердің көмегімен табылды. Тергеу барысында күдікті әйелдің 2013 жылы  тағы бір адам ұрлығын жасағаны белгілі болған. Дәл осындай сценариймен ол Шымкенттегі № 87 мектептің оқушысы, алты жасар Нұрай Өмірәліні де алып кеткенін мойындаған. Ол, арада он күн өткеннен соң, қала сыртындағы көшелердің бірінен табылған еді.