Русский Сайттың толық нұсқасы

Тазалық үшін тер төгіп жүрген жандар

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2023
  • 2321

Еңбек қашанда адамды биікке жетелейді. Кімнің де болсын тілегі - бейнеттің зейнетін көру. Ал күн-түн демей, ауа райының ыстық-суығына қарамай көше тазалау ардың ісі. Бұл біреу үшін жай күнкөрістің қамы болып көрінгенімен, үлкен жауапкершілік. Осындай маңдай терімен нан тауып жүрген жандар туралы келесі бейнематериалымызда.

Бейбіт бұл жұмыста табан аудармай бірнеше жылдан бері істеп келеді. Ел шырт ұйқыда жатқанда қала көшелерін тазалап шығады. Жиналған қалдықтарды арнайы көлікке тиейді. Бұл қарапайым жұмыс болғанымен жауапкершілігі зор дейді. Ауыртпалығы да жоқ емес.

Бейбіт ОРЫНБАЕВ, ТАЗАЛЫҚШЫ:

Нан табу оңай емес енді. Еңбегімізбен бала-шағамызды асырап, әйтеуір күнкөріс осы бәрімізге. Маңдай тер. Ыстыққа да, суыққа да жүрк осы.

Бүгінде бұл салада 300-ге жуық адам тер төгіп жүр. Олар қала көшелерінің күл-қоқысын жинап, белгіленген орынға жеткізеді. Бүтін бір шахардың тазалығы, осы жандардың еңбектерінің нәтижесі.

Айдос СҮЛЕЙМЕНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Таңғы 5-тен бастаймыз. Содан халықтың, тұрғын үйлердің арасы бар, жер үйлердің арасы бар. жеке сектор дейді ғой, солардың мусорын аламыз. Күніге 3-4 рет аралап шығамыз. Жауапкершілігі көп жұмыс қой былайынша. Қоқыс деген абырой алып келетін жұмыс емес. Бірақ сонда да 12 жыл болды қызмет істеп жатқанымызға жүргізуші болып.

Бұл жұмысқа әдетте екінің бірі тәуекел етіп келмейді. Сала мамандары тіпті тұрақты жұмыс жасайтындардың аздығын жасырмайды. Алайда, өз міндеттерін тиянақты атқарып, алғыс арқалап жүргендері де жоқ емес. Қашанда еңбек еткеннің еңсесі биік.

М. Тоқтасынқызы