"Астана тұрғындарының саны соңғы он жылда 2,5 есе өсті. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте осылай деді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
«Қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағым көп. Бұл жерде демографияны да ескерген жөн. Елорда тұрғындарының саны соңғы он жылда 2,5 есе өсті. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ кейбір ауруханада санитарлық талаптар сақталмайды. Балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Жарақат алған балалар сол жерде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болады. Үшінші көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық аурулардан емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл – ұят нәрсе», - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне қала әкімдігімен бірлесіп, балалар медицинасына қатысты мәселенің бәрін шешуді тапсырды.
«Пайда табуды көздеген жекелеген ауруханалар мүмкіндігі бола тұра кейбір дәрігерлік қызмет көрсетуден бас тартып жатыр. «Ұлттық ғылыми медицина орталығы жақында жекеменшікке өтті. Онда бүйрегін ауыстырған науқастарды оңалту жұмысы тоқтатылған. Әлихан Асханұлы, ірі медициналық мекемелерді жекешелендірудің тиімділігін қайта қарайтын кез келді. Бұдан бөлек, медицина кадрларының тапшылығы да қиындық туғызып отыр. Қалада 600-ден астам маман жетіспейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселелерді шешу қажет. Бұл салаға білікті мамандарды тартып, олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Жеңіс Махмұдұлы, осы мәселені жеке бақылауға алыңыз. «Елорда жастары» бағдарламасына медицина қызметкерлерін қосу мүмкіндігін қарастыру керек», - деді Президент жиында.