Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент қала көшелерінің мұз боп жатқанын сынады

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2023
  • 1339

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамытуға арналған кеңесте қала көшелерінде қоқыс тастайтын жәшіктер табылмайтынын, қар уақытылы күрелмей, көшелер бірнеше күн мұзайдынына айналып жататынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек, бәрі – маңызды. Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақтылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады.

Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынына айналды. Абаттандыру жұмысына соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қаладағы үйлердің ауласы түгел бір қалыппен емес, өз ерекшелігімен салынғаны жөн.

Урбанистика саласының мамандарымен, сәулетшілермен, тұрғындармен бірлесіп, тың, жаңа тәсілдерді қолдану қажет. Мысалы, ашық байқау жариялап, озық жобаларды таңдап алуға болады. Қаланың келбетін әрәкімнің талғамы бойынша өзгерте беруге болмайды. Нақты бекітілген жоспармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қала тұрғындары қоқысты бейберекет лақтыратынын, жастар көшеде бейәдеп қылықтарға баратынын атап өтті.

«Тағы бір маңызды мәселе. Қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениеті. Астананың тазалығы, ең алдымен, оның тұрғындарына байланысты. Зәулім үйлердің ішіндегі және сыртындағы жағдай мәз емес. Шындығын айтсақ, тұрғындар тұрмыстық тәртіпті жиі бұзады, қоқысты қалай болса солай лақтыра береді. Жастар көшеде жүргенде мәдениетсіз қылықтарға жол береді. Сондықтан, мен мына мәселеге арнайы назар аударғым келеді.

Елордамызды және басқа негізгі қалаларымызды дұрыс қалпында сақтау бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды мәселе. Көшпенділердің ұрпақтары өз қалаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлдем жоққа шығаруымыз керек», - деді Президент.