Русский Сайттың толық нұсқасы

Жем-шөптің қымбаттауынан Қарағанды облысында шаруалар малдарын жаппай сатып жатыр

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2023
  • 2317

Жем-шөптің қымбат болғандықтан қарағандылық шаруалар малдарын жаппай сатып жатыр. Мал азығының бағасы бақандай 600 теңгеге көтерілген. "Бұдан кейін мал ұстау тиімсіз",- дейді ауылдықтар. Қымбатшылыққа наразы тұрғындар үкіметтен жем- шөп пен кебектің бағасын реттеуді сұрайды. Мәселенің мән- жайын Айжан Қуаш біліп қайтты.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Мына кебектің бір қабы осыдан бір апта бұрын 1400 теңге болса қазір 1800- 2000 теңгеден сатылып жатыр. Мұндай қымбатшылықты қалталары көтермеген шаруалар жаппай малдарын сойып етке тапсыруға мәжбүр.

Үштөбе ауылының тұрғыны Қаршыға Мұздыбаев оннан астам жылқы ұстап, қымыз сатады. Алайда, кебек қымбаттағалы шаруасы шатқаяқтай бастаған.

Қаршыға МҰЗДЫБАЕВ, ҮШТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүкіл ел сиырын сатып жіберді.Өйткені сүттің бағасы, еттің бағасы жаңағы жем- шөптің бағасына келмейді. Қазір елдің бәрі жылқы ұстап отыр далаға жаямыз деп. Биылғы жылы жаңбыр жауды да қар қатып қалды жылқыға да қиын болып жатыр.

Үштөбе ауылының 30 шақты шағын кәсіпкері жергілікті әкімдікке жиналып үкіметтен мал азығының бағасын реттеуді сұрады. Шаруалар мұның арты жаппай қымбатшылыққа әкелетінін айтты.

Дәулет ҚАЛИЕВ, ҮШТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кебекті алған соң малға берген соң автоматом мал қымбат тамақ ішкенде автоматом ет қымбаттайды. Қаланың адамдары ет неге қымбат дейді? Содан ғой бәрі.

Ауылда шөп шабатын шабындық та жоқ. Барлығын әдеттегідей ірі қожалықтар иемденіп алған. «Шопан ата» агроқозғалысының өкілі Мұхамедқали Бекембаевтың айтуынша, бұл ауылда мал екі есе азайған.

Мұхамедқали БЕКЕМБАЕВ, «ШОПАН АТА» ҰЛТТЫҚ АГРОҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бір қап кебек 2000 болса, күніне 10 қап кебек кетеді. 10 күнде ол 200 мың теңге. 1 айда ол 600 мың теңге.Ақтамайды өз- өзін. Амалсыз малын соя бастады. Үйіңде мал бар ма десе, еріксіз сатып жібердім дейді. Мәжбүрлі түрде сатып жатыр қарапайым халық.

Ал ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы мәселені шешу мүмкін емес,- дейді. Айтуынша, жем-шөп бағасының өсуіне жаппай қымбатшылық себеп болған. Оның үстіне диірменшілерге мал азығының бағасын реттеу үшін үкіметтен берілетін субсидия 6 жыл бұрын тоқтаған.

Сырым БОШПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

1 тонна бидай тартып 240 кг кебек сатып диірмендер байып кетпейді. Бірақ олардың айтуы бойынша мешкотарасының қымбаттауы, тасымалдауының қымбаттауы, еңбек күшінің еңбекақысын көтеруі.Біз бағасын көтеруге мәжбүр болып отырмыз деп ол кісілердің айтып отқан дәлелдері сол.

Биыл арпа, бидай мен жем- шөпке 1 млрд теңгеден астам субсидия бөлу қарастырылып отыр. Бірақ ол тек ірі шаруа қожалықтарына беріледі. Шаруалар шағын кәсіпкерлерге де осындай субсидия болса дейді.

А. Қуаш