Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында ежелгі пирамида табылды

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2016
  • 6074

Қарағанды облысында ежелгі пирамида табылды. Археологтар көне мазарды қола дәуірінің Беғазы -Дәндібай мәдениетіне жатқызады. Үш мыңжылдық тарихы бар қорым сол заманның белгісіз билеушісіне тиесілі деген болжам бар. Жәдігерді біздің түсіру тобымыз да тамашалап қайтты.

Шет ауданы Талды ауылынан 8 шақырым қашықтағы Қаражартас қорымындағы топырақпен көмілген үйіндіні қарағандылық археологтар екі жыл бұрын байқаған. Алайда, дәл осындай пирамида табамыз деп күтпепті. Жәдігер бәрінен де құрылысымен ерекше. Қабырғалары тастан 5-6 қатар етіп тұрғызылып, бұрыштары асқан шеберлікпен шығарылған. Жан-жағы 15, ал биіктігі 4 метр. Ғалымдардың болжауынша, қорымды бізден үш мың жыл бұрын өмір сүрген Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өкілдері салған.

Сағындық Жауынбаев, Қарағанды облысының бас археологы:

Ескерткіштің ерекшелігі - мүлік теңсіздігі шыққан болуы тиіс. Себебі мұндай үлкен құрылыс тек қана бай адамдарға, батырларға салынады. Сол өздерінің туыстары, жерлес тайпа, руластары тұрғызған. Египет пирамидаларын құлдар тұрғызған болса, бұларда құлдық деген болған жоқ.

Айжан Қуаш, тілші:

Бұл Қазақстан жерінде табылған тұңғыш пирамида. Ол Беғазы-Дәндібай мәдениеті өкілдерінің зол заманның өзінде құрылыстан хабардар болғанын дәлелдейді. Ал ежелгі египет пирамидаларымен қандай ұқсастықтары бары ғалымдар алдағы уақытта зерттемекші.

Эскпедиция жетекшісі Игорь Кукушкин де ежелгі пирамиданың үлкендігіне қарап, оның беделді билеушіге тиесілі екенін айтады. Алайда, қорым тоналғандықтан, оған қатысты қандай бір деректер табылған жоқ. Дегенмен пирамиданың жанынан шағын 7 қорым анықталған. Түсірілім кезінде олардың бірінен ежелгі адамның сүйегі де табылды.

Игорь Кукушкин, Сарыарқа археология институтының археологы, экспедиция жетекшісі:

Мұндай құрылыс бұрын еш жерде кездеспеген. Құрылысын былай қойғанда, қолданған тастардың өзі түп-түзу, төртбұрыш. Пирамиданың бұрыштарын да шебер келтірген. Бұл алғашқы мемлекет құруға жақын кезең, қола дәуірінің соңындағы сақ, скиптер болуы мүмкін.

Бұл маңайдан пирамидадан басқа 30 шақты қорым анықталды. Олар таяз, әрі шағын. Барлығында адамдар тұрмыстық заттармен бірге жерленген. Кейбірінен қыш, қоладан жасалған бұйымдар табылды. Жәдігерлер жақсы сақталған.

Ғалымдар пирамиданы әлі толық қазып біткен жоқ. Қорым тоналғандықтан, әзірге деректер аз. Енді маңынан ежелгі адамдардың қонысын іздеуді жоспарлап отыр. Бұл беймәлім билеуші мен ол басқарған қонысқа қатысты жаңалыққа жол ашуы мүмкін. Сондықтан археологтар, қазақ жеріндегі тұңғыш пирамида құпиясын анықтау үшін, әлі бірнеше ай еңбектенбек.

Айжан ҚУАШ