Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда құбырларды қысқа дайындау жұмыстарын жүргізгендер асфальт төсеуді ат үсті атқарған

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2016
  • 4149

Таразда құбырларды қысқа дайындау жұмыстарынан соң асфальт төсеу ат үсті атқарылған. Көлік жүргізушілері осылай дейді. Жырым-жырым болған жолдармен жүру мұңға айналды деп отыр. Жүргізушілердің жанайқайын естіп қайтқан Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Тараздағы Жұбанышов көшесінде 2700 метр жер қазылған. Рахимов, Сейфуллин және Бауыржан Момышұлы көшелері де кептелістің нағыз ошағына айналыпты. Мұнда құбырларды жаңарту кезінде, жолдардың орта тұсы тұрмақ,  жиектерін де жөндемей кеткен.

Жолдан қиналып жатырмыз, әне жердің бәрі шұңқыр, мәшиненің астының бәрі кетіп жатыр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Көріп тұрғанымыздай, бұл құбырларды қысқа даярлау жұмыстары жүргізілгеннен кейінгі көрініс. Көшелердің көркі кеткеніне көлік жүргізушілерінен бөлек, жаяу жүргіншілер де наразы. Олар жаңбыр жауса, көшелер көлге айналады, ары-бері қатынау қиынға соғатынын айтады.

Нұргүл Тіленова, Тараз қаласының тұрғыны:

Көлікпен жол шетінде тоқтап тұру мүмкін емес. Аялдамада тұрып жанымызға тоқтаған автобусқа өте алмай әуреміз. Араны қазылған жолдар бөліп тұр. Қар мен жаңбыр жауғанда, арыққа түсіп, үйге үстіміз балшық боп барамыз. Қаланың қай жеріне барсаң да осы, газ жүргізіп жатырмыз дейді. 

Ал жауапты тұлғалар жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін біртіндеп көшелерді қайта қалпына келтіреміз дейді. Биыл қаладағы құбырларды жаңартуға 3,6 млрд теңге бөлінді. Оған 6700 метрдей жылу құбырлары жөнделген. Ал көшелерді бүлінген қалпында қалдырған мердігерлерге айыппұл салыныпты.

Ерік Көшербаев, Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Біту уақытысы 15 қазан болатын. Ал жылу берілгенімен, асфальттау, абаттандыру жұмыстар бітпегендіктен, біз айппұл салып жатырмыз оларға. Қазір қағаздары бәрі жиналып, сотқа жіберіледі. 

Ал, 10-шы және 11-і шағын аудандарының арасын жалғап жатқан көшелерде газ құбырларын жаңарту жұмыстары жүрген. Алайда, жұмыстар өз уақытысында аяқталмаған. Салдарынан жолдар жайрап жатыр. Мұның себебін газға жауапты мекеме былай түсіндірді.

Сүлеймен Тұрбек, «Қазтрансгаз аймақ» АҚ бас инженері:

Халық үшін жасалынып жатқан жұмыстар ғой модернизация деген. 6 мың шаршы метр жол жөнделу керек. Осы 2 аптаның көлемінде бітіремін деп отыр. 

Атқамінерлер абаттандыру жұмыстары алдағы 2 аптада толық жөнделіп бітеді деп сендіреді. Ал тұрғындар күн райы бұзылып жатса, шұңқырлар суға толып, әбігерге түсеміз бе деп, қауіптеніп отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ