Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаттары павлодарлық белсенді жастармен кездесті

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2016
  • 2750

Мәжіліс депутаттары павлодарлық белсенді жастармен кездесті. Халық қалаулылары Айгүл Нұркина мен  Айзада Құрманова  бүгін «Жасыл ел» жасағымен ұйымдастырылған экологиялық сенбілікке қатысып, Гагарин паркін тазалау шарасына атсалысты.

Жалпы «Жасыл ел» жасағы ел ішінде танымал ұйым. Әсіресе, жастар арасында оның беделі жоғары. Анықталғандай, павлодарлық жасақтың құрамында 2 жарым мыңға жуық қыз-жігіт бар. Ұйым белсенділерінің айтуынша, көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына» орай биыл 25 аула мен 25 паркті ретке келтіру жоспарланған. Алайда, жұмыс барысында бұл сан өзгеріп, бүгінде абаттандырылған нысандар саны тиісті межеден асып кеткен.

Мүслім Қолымбаев, «Жасыл ел» жасағының командирі:

Біз 35-тен астам ауланы ретке келтірдік. «Қаз қонақ» ескерткішін де тазалау шараларын жүргіздік. Дәл қазір қанша күл-қоқысты жинап, шығарғанымызды айта алмаймын, бірақ өте көп болды. Жалпы жасақ сарбаздары 60 күндей еңбектенеді.

Гагарин паркі - Павлодардағы ескі жасыл аумақтың бірі. Саябақ көп жылдар бойы қараусыз жатқан. Былтыр жергілікті билік демеушілердің көмегімен нысанды қалыпқа келтіріп, оны назарға алуды жастарға тапсырған еді. Содан бері паркке жан бітіп, бүгінде ол тұрғындардың сүйікті тынығу орнына айналған.

«Нұр Отан» фракциясының мүшелері Айгүл Нұркина мен Айзада Құрманова сарбаздармен бірлесіп, аумақты тазартты. Сондай-ақ, халық қалаулылары оларды толғандырған мәселелерді тыңдап, ұсыныстарын түртіп алған. Көтерілген түйткілдер санатында жұмыспен қамту, баспана алу, әлеуметтік қолдау сынды мәселелер бар. Ал, ауыл жастары арасында ақпараттандыру жұмысы кенжелеп қалған. Әсіресе, олар мемлекет ұсынған түрлі бағдарламалардан бейхабар. Осыны байқаған Мәжіліс депутаттары түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтады.

Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жастарды жұмыспен қамту бағдардарламасын, өкінішке орай, жастардың көбі білмейді. Және оны ешкім оларға түсіндірмеген. Ауылда жұмыс істеп жатқан жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қомақты, тиімді өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар берді. Біз ол ұсыныстарды қазір қарастырамыз.