Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастырады

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2016
  • 2455

Қазақ-түрік лицейлері жұмысын бұрынғыдай жалғастырады. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүгін Астанада өткен Республикалық тамыз кеңесінде осылай деп мәлімдеді. Министрлікте қазақ-түрік лицейлерінің Фетхуллах Гюленмен байланысы бар-жоғын анықтайтын тексеру тобы құрылып, жұмысын бастаған.

Естеріңізге сала кетейік, Ыстамбұлдағы әскери бүліктен соң түрік тарапы лицейлерді жабуды ұсынған. Олар оқу орны оппозициялық ислам уағызшысы Фетхулла Гюленмен байланысы бар деген еді. Түркия басшысымен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев барлық мектеп тексерілетінін айтты.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Президенттің тапсырмасына сәйкес, БҒМ жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастады. Біз түрік тарапымен байланыста жұмыс істейміз. Алайда бұл оқу үдерісіне қатысы жоқ. Бұл біздің қазақстандық мектептер және олар қатаң тәртіпте еліміздің стандарттарымен қызмет етуде. Біз бұл лицейлерді бірнеше мәрте тексерген едік. Оларға қатысты ешқандай наразылық жоқ. Бұл тұрғыда лицейлер бұрынғыдай жұмыстарын жалғастырады.

Дариға Назарбаева қазір үш тілді білім беру жүйесіне қатысты 5 мың мұғалім тілдік курстарда оқып жатқанын айтты. Осы аралықта жұмыс орындары мен жалақылары сақталады. Ал 2019 жылдан бастап 10-шы және 11-сыныптар үш тілді білім беру жүйесіне көшеді. 2018 жылы мектептердің бұған даярлығы жіті тексерілмек. Қазақ тілі шет қалмайды. Министрлік өкілдері мемлекеттік тілді орыс сыныптарында оқытудың заманауи әдістемесін әзірлеп жатқанын айтты. Ал келесі жылы дәстүрлі Ұлттық бірыңғай тестілеу де өзгереді.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Биыл ҰБТ жаңа форматта өтті. Тиісті балл жинай алмаған оқушылар үшін қайтадан тест тапсыру және жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі қарастырылды. Келер жылдарда біз ҰБТ-ны толық өзгертеміз. 2017 жылы ҰБТ-ны электронды тестілеу жүйесіне өткізетін боламыз.