Русский Сайттың толық нұсқасы

2017 жылы Өскемен-Алматы тас жолын жөндеу жұмыстары басталады

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2016
  • 4996

2017 жылы Өскемен-Алматы тас жолын жөндеу жұмыстары басталады. Бұл туралы облыстық әкімшіліктің отырысында белгілі болды. Аталған тас жолдың жөндеу көрмегеніне 32 жылдан асыпты, - дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. Сонымен қатар орташа жөндеу жұмыстары облыстық маңызы бар жолдарды да қамтитын болады. Толығырақ Айбек Қосанның материалында.

Аягөз бен Боғас арасындағы тас жол Аягөз, Зайсан, Тарбағатай ауданының тұрғындары үшін жыры бітпес мәселеге айналғалы қашан. Тіпті, соның салдарынан жол көлік оқиғалары да болған. Магистральдің бойымен 24 сағат көлік қатынайды. Жүргізушілер болса, 78 шақырымның жөнделгені жағдайды жақсартып, уақыттан ұтуға септігін тигізді, дейді.

Марат Оралханов, Тарбағатай ауданының тұрғыны:

Бұрын өте жаман болатын, қазір жақсы. Бері жақ 30-40 километр ғана онша емес, ал арғы жағы жақсы. 3 автобус құлады жолдың жамандығынан, шоқалақтан қашамыз деп сол кездерде. Ол кездерде шала-шала жасайтын. Биыл енді жақсы жасалды. 

Қабдұл Шабиев, жүргізуші:

Бұрын қиын болатын. Тесік-тесік. Балшық еді. Қазір түзеп тастапты. Рахмет. Бұдан жақсы болса, тіпті жақсы. 

Даниал Ахметовтың айтуынша, жол проблемасы биліктің назарында. Сондықтан аяқталған істің сапасын бақылауды өз қолына алған. Келер жылы жол төсеушілер Өскемен-Аягөз бағытын жөндеуге кіріседі. Бұл жақтың қалыпқа келтіруге сұранып тұрғанына 30 жылдан асқан. Тас жол - Шығыс Қазақстан мен Алматының арасын жалғайтын маңызды тарап.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының  әкімі:

Ендігі жылда үлкен жолды бастаймыз. Алматы-Аягөз, Қалбатау-Өскемен. Оның енді жартысы Аягөз-Қалбатау ендігі жылы бастаймыз. Ол енді толып жатқан жұмыскер орны, ол енді ауданға түсер салық. Сол себепті, жерлестерім, бірсыпыра мәселе шешіліп жатыр.

Облыс әкімі аудан басшыларына жол жөндеуге байланысты ұсыныстарын 10 күннің ішінде дайындауды тапсыра отырып, негізгі екпінді көлік көп жүретін аумағы бар және жағдайы тым нашар жерлерге аударуды еске салды. 2017 жылы жөндеу жұмыстарына облыс бюджетінен 4 млрд теңге жұмсау көзделген.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының  әкімі:

Бірден айтайын, бұл қаражат көлік көп қатынайтын жолдарға бірінші кезекте бөлінуі керек. Сондай-ақ әр жөндеуді маған негіздеп берулерің керек. Ешқандай күрделі жөндеу болмайды. Жөндеудің көлемін 5 есеге арттырып отырмыз. Яғни ешкімге керегі жоқ күрделі жөндеу жоспарланғаннан да көп қаражатты талап етеді, әрі нәтижесі төмен.  

Биылдың өзінде Шығыс Қазақстанда 220 шақырым жол жөндеуден өтіп, жаңа рекорд орнады десе болады. Бұл үрдіске 3,5 млрд теңге жұмсалған. Қыс мезгілінде жолдарды қалыпты күйінде ұстап тұру үшін 240 млн теңге бөлу жоспарға енген. 88 бірлік қар тазалау техникасы дайын, барлығы жылынуға арналған орындармен қамтамасыз етіліпті. Қауіпті деген аумақтарға қар тоқтататын бөгеулер қойылған.

Айбек ҚОСАН