Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда үстіне әйнек құлап, жарақат алған қыз бизнес орталық басшылығына наразы

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2016
  • 2695

Алматыда төбесіне әйнек құлап жараланған қыз кінәлілерді табу үшін өз қаражатына адвокат жалдады. Басынан ауыр соққы алған Маргарита Фаридонова басқа амалым қалмады дейді. Ол осы күнге дейін бизнес орталықтың басшылары халімді сұрамады деп отыр. "Полицияға шағым түсіріп едім, олардан да хабар жоқ" дейді. Ендігі жерде денсаулығына зақым келтірген нысанның басшыларын жауапқа тартуға бел буған.

Оқыс оқиға 17 тамыз күні Алматыдағы «Нұрлы тау» ғимаратында орын алған еді. Төменгі қабаттағы дәмхананың жазғы алаңында түскі ас ішіп отырған төрт адамның үстіне төртінші қабаттан әйнек құлаған. Ауыр жараланған Маргарита ауруханаға жеткізілген болатын.

Маргарита Фаридонованың ауруханада ем қабылдап жатқанына бүгін төртінші күн. Терезенің шағылған әйнегінен миы шайқалып, қан тамырына зақым келген оған дәрігерлер жарты жыл күтінуге кеңес берген. Ал, нысанның сапасына жауапты мамандар  кешірім сұрауға да асығар емес,- дейді бойжеткен.

Маргарита Фаридонова, зардап шегуші:

Күнделікті ауруханаға 8 мың теңге төлеймін. Одан бөлек ем-дом үшін тағы 8 мың теңге беремін. Басым әлі қатты ауырады. Бизнес орталық өкілдері түк болмағандай жайбарақат отыр. Мен бұл істі бұлай қалдырмаймын. Жолдасым жауаптыларды іздеуге кірісті.

Т
өртінші қабаттағы әйнегі шағылған терезе - осы. «Нұрлы тау» бизнес орталығынан бірнеше шаршы метрді жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отырған «МА consulting» жеке серіктестігіне тиесілі. Оқиға болған күні директор Владислав Тигайдың өзі терезені ашқан. Екі қабатты терезенің ішкі бөлігі қалай сөгіліп кеткенін байқамай қалғанын айтады.

Көріп тұрсыз, әйнекті сапасыз жапсырып қойған. Аша беріп едім, сынды да кетті. Қарасам, төменде шу болып кетті. Дереу бірінші қабатқа түсіп, көмек көрсеттім. Бұндай жағдай осымен екінші рет тіркеліп отыр.

Ал, бизнес орталықтан серіктестіктерге жалға орын беріп, содан нәпақа тауып отырған басқарушы компания, барлық сұраққа заңгер жауап беретінін айтты.

Мұнда барлық орындар сатып алынған. Жеке серіктестіктерге тиесілі. Мен ештеңе айтпаймын. Біздің заңгерге барыңыздар.

Алайда, заңгерді орнынан табу мүмкін болмады. Тек есік алдына мынадай ескерту қағаз жапсырылғанын байқадық. Онда: "Болған оқиғаға байланысты жалға алушы серіктестер өз терезелеріңіздің қауіпсіздігін тексеріңіздер", делінген. Қысқасы, жоғары қабаттағы терезенің құлауына не себеп болғанын ешкім дөп басып айта алмай отыр. Оны тек арнайы сараптамадан соң ғана білуге болады, - дейді тәуелсіз сарапшы Жангелді Сүлейманов.

Жангелді Сүлейманов, адвокат:

Сынған әйнекті сараптамаға жіберу керек. Сонда себебін нақты білетін боламыз. Қазір ауруханада ем-домға жұмсалған төлемдердің түбіртектерін жинау керек. Кінәлі табылған кезде осы шығындардың барлығын өтеп алуға мүмкіндігі бар.

Айгүл Ермахан, тілші:

Оқыс оқиға болған күні Маргарита Фаридонова полицияға шағым түсірген. Осы оқиғаға қатысты іс қозғалғанын Ішкі істер департаментінің өкілдері де  растады. Алайда зардап шегуші тәртіп сақшыларының тарапынан жүргізіліп отырған тергеу жұмыстарына көңілі толмай отырғанын айтты. Сондықтан қазір  өз қаражатына адвокат жалдаған. Шешінген судан тайынбас демекші, енді ол мәселенің ақ-қарасын анықтамақшы. Сонда ғана қаладағы атақты бизнес орталықтың басшылары жауапкершілікті сезінетін шығар дейді.

Айгүл ЕРМАХАН