Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-тағы сайлау қорытындысының экономикаға әсері қандай болмақ?

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2016
  • 2957

АҚШ-тағы сайлау қорытындысы Қазақстанның экономикасына елеулі өзгеріс әкелмейді. Мәжіліс депутаттарының пікірі осылай. Олар "Америкадағы президент сайлауында жеңіске жеткен «миллиардер» Дональд Трамптың билік басына келуінен не күтуге болады?" деген сұрақ төңірегіндегі пікірлерімен де бөлісті.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Қайсысы президент болса да, Қазақстанға оның ешқандай әсері жоқ. Жақсы жағынан да, жаман жағынан да. Бұл Американың өздерінің ішкі шаруасы.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Қос ел арасында мұнай-газ саласына қатысты қарым-қатынас жақсы даму үстінде. Сауда жағынан да оң өзгерістер бар. Сондықтан бұл үдеріс сақталады деп ойлаймын. Екіншіден, қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан - террорлық әрекетке қарсы күрес коалициясының белсенді мүшесі. Лаңкестікпен күресте АҚШ-қа да, басқа мемлекетке де көмектесіп келеміз. Бұл бағыт, билік басына кім келсе де, сақталары сөзсіз.

АҚШ-тағы сайлау нәтижесіне орай әлемнің қаржы нарығында құбылу байқалды. Бұл біздің нарықты да айналып өтпеді. «KASE» қор биржасы сессиясы қорытындысы бойынша төл валютамыздың құны долларға шаққанда 341 теңгені құрады. Ал, АҚШ доллары Жапонның иеніне шаққанда 3 пайызға тұрақтаса, Мексика ақшасы бірден 10 пайызға құлдыраған. Оның себебі Трамп Ақ үйге келген соң, "иммиграциялық саясатты күшейтеді деген күдіктің басымдығынан" дейді саясаткерлер. Қазақстанның бас банкирінің пікірі  мынадай.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

АҚШ-тағы президент сайлауы біздің ұлттық валютамызға айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Себебі Қазақстанда теңгенің тұрақтылығына басқа факторлар әсер етеді. Бірақ, сол факторлардың аз да болса сайлау қорытындысына тәуелді болып тұрғанын да жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан әзірге тап басып бірнәрсе айту қиын.