Атырауда
нодулярлы дерматит ауруынан 600 бас мал қырылып қалды. Бүгінде дертке шалдыққан
ірі қара саны 6 мыңға жуықтаған. Ал жүргізілген емнен соң 2 мың бас сиыр
сауығыпты. Ауырған малдың көбі Ресейдің Астрахань облысымен шекаралас
Құрманғазы ауданында тіркеліп отыр. Дегенмен аймаққа жарияланған карантиндік
жағдай сақтаулы.
Саламат
Сабыр, Атырау облысы әкімі аппараты баспасөз қызметі бөлімінің басшысы:
Соңғы
малдың аурудың шыққан күнінен бастап, 30 күнге дейін карантин жарияланады. Сол
30 күннен кейін барып, карантин
жабылатын болады. Компенсация мәселесі қазіргі таңда қарастырылып жатыр.
Естеріңізге
салайық, елімізде бұрын-соңды бұл ауру тіркелмеген. Алғаш рет Атырауда биылғы
жылдың маусым айының аяғында байқалды. Ірі қараның жаппай қырылуынан соң
сараптама жүргізген мамандар осындай диагноз қойған болатын. Күні бүгін облыста
5 жерде арнайы бекет қойылған. Олар қалаға кірген көліктерді тексеріп,
дезинфекция жүргізеді. Оған қоса, ауруға қарсы дәрі-дәрмекке бюджеттен 2
миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал
жергілікті билік уәде бергенмен, қорадағы азын-аулақ малынан айырылған
тұрғындарға әлі өтемақы төленген жоқ.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ