Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда көмір дефициті байқалып отыр

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2016
  • 3627

Қызылжарда көмір дефициті пайда болды. Тұрғындар жоғары сұранысқа ие Қаражыра мен Шұбаркөл көмірін сататын компаниялардың есігін торуылдап жүр. Аптасына бір-екі рет, көмір келгенде ғана ашылатын кәсіпорындардың есігінде қара құлып. Ал аяз болса күшіне мінді. Жыл сайын 400 мың тонна көмір жағатын аймақта отын неге тапшы? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтауға тырысты.

Қызылжар өңірін Екібастұз, Майқұба, Қаражыра мен Шұбаркөл сынды кен орындары көмірмен қамтамасыз етеді. Соңғы екеуі жылуды жақсы беретіндіктен, халықтың жоғары сұранысына ие. Голышевтар отбасы да көмірдің тек осы түрін таңдайды. Сақылдаған сары аяз ерте келеді деп ойламапты. Көмір күткен жұрт пешке ағаш жағып, жылынып отыр.

Татьяна Голышева, қала тұрғыны:

Құрылыстан қалған ағашты жағып жатырмыз. Оның неше күнге жететінін білмейміз. Қаражыра көмірін алғымыз келеді. Бірнеше жылдан бері соны пайдаландық. Бірақ, қаланың ішінде таба алмадық. Қоймада Екібастұз бен Майқұба көмірі бар. Бірақ, олардың сапасы онша емес.

Ауыл аймағының жұрты да қазір көмірден тарығып отыр. Шалғайда тұратын Тұралы Сибанов отын алу үшін шаһарға бірнеше мәрте келген.

Тұралы Сибанов, Николаев ауылының тұрғыны:

Елде көмір жоқ, қалада да болмай жатыр. Болса, тез арада таратып алып кетеді халық. Соның өзінде де қазір қажетті көмір мезгілінде болмай жатыр. Мен өзім Николаевкадан келдім, 130 шақырым. 2-3 рет келдім, жоқ көмір. Өткенде 28 октябрьде жоқ болған.

Әдетте жұмысы қайнап тұратын көмір сату бекеті бүгін тым-тырыс. Шикізат алаңында пешке жарамайтын көмір құмы үйіліп тұр. Кәсіпорын көмір таситын компаниямен аптасына 5 вагонды жіберу туралы келісімшарт жасасқан. Мекеме басшысы қарбалас болатынын күтпепті.

Абдылахат Турды-Оглы, көмір сату кәсіпорнының басшысы:

Біз қажетті көмір көлеміне алдын-ала тапсырыс беріп отырамыз. «Транском» 5 күн сайын көмірдің 340 тоннасын жіберіп жатыр. Енді келісілген көлемнен артық аламыз ба деп едік. Бірақ осы айда қосымша вагон жоқ, дейді. Бірақ, вагонның неге жетпей қалғанын айтпайды.

Құзырлы орган өкілдері Шұбаркөл көмірінің тапшы екенін растап отыр. Аймақ жыл сайын 400 мың тонна көмір жағады. Бүгінде 90 пайызы отынмен қамтылған.

Дәулет Ысмаилов, СҚО энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Бізге көмір компанияларының біреуі де проблемамен жолыққан жоқ. Өзіміз хабарласып сұраған кезде, көмір келе жатыр, аптаның аяғына дейін жетеді, деп жауап берді. Жалпы, қала тұрғындары жыл сайын 40 мың тонна көмір сақтайды. Бүгінде жұрттың 95 пайызы шикізатпен қамданған.

Абзал Құрманкин, тілші:

Көмірмен қамту кәсіпорны өкілдерінің айтуынша, қалаға шикізаттың жаңа партиясы жолда келе жатыр. Бірақ, оның неше күнге жететіні белгісіз. Тұрғындар болса, қаражаттарын әзірлеп, қақаған аязда кезекке тұруға сайланып отыр. Себебі өткен аптада келген 5 вагон бірнеше сағаттың ішінде таусылып қалған.

А.ҚҰРМАНКИН