Қызылжарда
көше атауларын өзгерту жұмысы қолға алынды. Қалада 324 көше, тағы 113 қысқа
көше бар. Демек, негізгі көшелер 112 рет қайталанып келеді. Мәселені бір ретке келтіру үшін жергілікті
ономастикалық комиссия қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың пікіріне құлақ түрді.
Бірақ кəсіпкерлер бұл бастаманы қолдамай отыр. Неге? Абзал Құрманкин білді.
Қызылжарда
ономастикалық мәселе өткір тұр. Пікірін жайып салғысы келетін адамдардың қарасы
қалың. Ономастикалық комиссия өкілдері 5 көшенің атауын кеңеске салып отыр. Үш
есім жаңа көшелерге берілсе, қалған екеуінің атын мүлдем ауыстыру жоспарда бар.
Алайда ескі көше есімін өзгертуге тұрғындардың тең жартысы қарсылық білдіріп
отыр. "Явленка тас жолы" бағытына Қожаберген Жыраудың атын беру
бастамасын естігенде «Радуга» серіктестігі басшылығының төбе шашы тік тұрды. Ол
тауар қаптамасын өзгертсе, шығынға белшеден бататынын айтады.
Елена
Купцова, «Радуга» ЖШС коммерциялық директоры:
Бізде
250 тауар түрі бар. Қаптамада жазылған мекен-жайды өзгерту үшін таңба қоятын
темір тақтайшаларды қайтадан сатып алу керек. Әрбіреуінің құны 100-150 мың
теңге. Демек, 25 миллион теңге қажет. Компанияның мұндай мүмкіндігі жоқ.
Бұл
көшеге Қожаберген Жыраудың атын беруіне шаһар ақсақалдары да қарсылық білдірді.
Қаланың шетінде орналасқан көше ұлы батырдың даңқына сәйкес келмейді, -дейді
олар.
Болат
Сағындықов, СҚО ақсақалдар алқасының төрағасы:
23 жыл ұлы полководец болды. Ұлы қолбасшы
болды. Бүкіл батырлардың негізгі, бас батыр сол болды. Абылайдың оң қолы. Соған
енді қаланың орталығынан бір көше табуға болады ғой. Енді апарып ана жаққа
береді деген аты болсын. Әлгі «птичка» дейді ғой, қоя салдық, атын бердік
дегендей. Ол дұрыс емес. Ол кісінің аруағын сыйламағандығымыз.
Абзал
Құрманкин, тілші:
Алпысыншы
жылдары қаланың өнеркәсіп ауданы дамып келе жатқан кезде, көше атаулары қалай
болса, солай аталған көрінеді. Тек Сенной көшесінің өзі алты рет қайталанып
отыр. Жұрт шатаспас үшін ономастикалық комиссия бәрін бір ретке келтіруді
нысанаға алды. Мәселен, «бесінші Сеннойға» Қазбек Байболовтың есімі берілмек.
Павел
Афанасьев, қалалық мəслихаттың депутаты:
Сеннойдан
басқа Кирпичный көшесі де алты рет қайталанады.
Сондай ақ, Набережныйдың екеуі, Линияның төртеуі бар. Бізге бұл көше
тұрғындарының өзі атауды өзгертуін өтініп отыр. Жалпы, бұл жұмыс көп қаражатты
қажет етпейді. Миллиондап емес, әрі кетсе. ондаған мың теңге.
Көше
атауындағы бейберекетсіздік жойылған соң, ономастикалық комиссия өкілдері
революционерлердің есімдеріне кіріспек. Олардың айтуынша, Клара Цеткин,
Володарский және т.б. тұлғалардың Қазақстан тарихына қатысы жоқ болғандықтан,
тұрғындар олардың өзгертілуіне дайын болуы тиіс.
А.ҚҰРМАНКИН