Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда Мәскеуге ұшуы тиіс рейс 2 тәулікке кешігіп ұшты

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2016
  • 3243

Соңғы күндері Әулие-Ата әуежайында күтпеген әбігер орын алды. "Мәскеу-Тараз-Мәскеу" бағытындағы рейстердің ұшу уақыты бірнеше сағатқа кешігіп, бұл жағдайдан адамдар зардап шекті. Ауа-райы күрт суытып, әуе кемесінің сыртына мұздақ қатқан. Оны еріту мүмкін болмай, салдарынан жүздеген жолаушы жолынан қалды.

Тараздан Мәскеуге қатынайтын «S7» әуе компаниясының ұшағы сенбі күні таңғы сағат 7:05-те көкке көтерілуі керек еді. Алайда, күн райы күрт бұзылып, ұшу-қону алаңы көктайғаққа айналады. Қар аралас жаңбыр әсерінен ұшақтың сырты мен ұшу қону жолағын мұздан аршу мүмкін болмаған. Халықаралық әуежайдағы жолаушылар 2 тәулікке жуық ас-сусыз абдырап қалды. Ешбір жағдай жасалмаған деп шу шығарды.

Келгенімізге бір апта болды. Осы аптаның екі күнін босқа өткізудеміз. Ресейге ұшып кете алмай отырмыз. Бұл нағыз балабақша десекте болады. Қону алаңының жолағын 4-5 сағат бойы тазалады.

«Әулие-Ата» халықаралық әуежайында кідірген 80-ге тарта жолаушы сенбі күні таңертең тіркеуден өткендерін айтады. Тіпті, ұшаққа отыру да басталған. Алайда сәлден соң қайта шығуларын өтінген әуежай қызметкерлері ұшақтың ұшпайтынын айтқан. Дәл осы келеңсіз көрініс бірнеше рет қайталанғанына олар ашулы. Кешкі сағат 6- ларға дейін жолаушылар әуежайда болған. Содан соң әуе компаниясының өкілдері барлығын қонақ үйге жайғастырады. Осындай көрініс келесі күні тағы қайталанған.

Николай Черидиченко, "S7"  әуе компаниясының Тараз қаласындағы өкілі:

Арнайы ерітінді сұйықтығы бар машина болмады. Сосын оны Шымкенттен алдырдық. Бәрін тазарттық. Ал, халыққа қызмет көрсететін әуе компаниясы емес, әуежайдың өзі. Дайындық ойдағыдай емес.

Әуежайдың қоймасында мұздақтарды тазалауға арналған ерітінді таусылып қалғанын мұндағы басшылық та мойындады.

Анатолий Нестеренко, "Халықаралық Әулие-Ата әуежайы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Ұшақ пен ұшу алаңына қатқан мұздың қалыңдығы 10-12 мм болды. Барынша жедел жұмыс істедік. Алайда, жұмысымыз далаға кетті. Өйткені ұшу-қону алаңын тазылау тым қиын болды. Әрі тоқтаусыз жауған қар аралас жауын жағдайды ушықтыра түсті.

Белгілі болғандай, бірнеше жолаушы әуе билеттерін қайта өткізген. Ұшақ 21 қараша күні таңғы сағат 9-дар шамасында Ресей астанасына аттанды.

Оралдағы халықаралық әуежайдың да атына заты сай болмай тұр. Мұнда шетелге қатынайтын әуе бағыттары жоқ. Ара-тұра чартерлік рейстер ұшып келетін көрінеді. Өзін-өзі қаржыландыратын мекеме, әуежайға қонған ұшақтардың әр тоннасынан ақша алып отыр. Дегенмен ауа райындағы қолайсыздыққа байланысты екі күннен бері ұшақ ұшпағасын шығын көрген.

Хайретдин Рысқалиев, «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС бас директоры:

Табысымыз ұшып-қонатын ұшақтарға байланысты болғандықтан, мұның бәрі біз үшін шығын. Соңғы екі күнде кемінде 1-1,5  млн теңге зиян шектік.

Орал әуежайында 30 шақты адам жұмыс істейді. Бұл нысанның ай сайынғы шығыны шамамен 20 миллион теңгені құрайды екен. Ал күні кеше ауа райындағы қолайсыздыққа байланысты Атыраудағы әуежайдан ұшуы тиіс 11 рейстің кейінге шегерілгенін хабарлаған едік. Жағдай бүгін де өзгермеген сыңайлы. Атыраудан өзге қалаларға немесе басқа шахарлардан Атырауға бағыт алуы тиіс ұшақтар әлі де ауа райының дұрысталғанын күтуге мәжбүр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ