Русский Сайттың толық нұсқасы

Кеңес одағын қалпына келтіру мүмкін емес - Н.Назарбаев

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2016
  • 3377

Нұрсұлтан Назарбаев Польшаны ЕАЭО-дан қорықпауға шақырды. Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды. Қазақстан президентінің бұл елге мемлекеттік сапары жалғасуда. Бүгін Елбасы польшалық бизнесмендермен кездесті. Әңгіме барысында оларды ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесе өңдеуге шақырды. Польша - аграрлық сала мейлінше дамыған мемлекет. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың міндетін де түсіндіре кетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

"Бұл іске бастамашы болған мен едім. Бәзбіреулер "Ресей қайтадан Кеңес одағын жинап жатыр" дейді. Мүмкін, Кеңес одағын қалайтындар бар шығар, алайда оны қалпына келтіргісі келетіндер қателеседі, себебі бұл мүмкін емес. ЕАЭО - бұл 180 млн халық, 2,5 трлн ІЖӨ, Кеден одағы, ашық және еркін шекаралар. Бұл интеграция, басқа ештеңе емес. Әрине, Еуразиялық одақ жасайық деген саясаткерлер де болды. Мен: "Жоқ, тек экономикалық", - дедім. Біз тәуелсіздігімізді Польшадан кем қадір тұтпаймыз".

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жиын қатысушыларына арнаған сөзінде Қазақстанның Польшаны Еуропалық одақтағы сенімді саяси және экономикалық серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Қазақстан-Польша бизнес-форумында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары талқыланды. Жиынға екі елдегі  іскер топтардың 400-ден астам өкілі қатысты.

Өткен жылы Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 1 миллиардтан асқан. Қазақстан Польшаға  энергия ресурстарын, шикізат және химия, көмір өнеркәсібі, қара металлургия, астық пен мақта, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін эспорттап отыр. Польшадан  еліміз  химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін, азық-түлік тауарлары мен жиһазды импорттайды. Қазақстанда Польша азаматтарының қатысумен 100-ден астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды поляктардың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі қызықтыратынын айтты. Бұдан бөлек, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтіп бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев Польша мемлекетіне осы елдің президенті Анджей Дуданың арнайы шақыртуымен  барды.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ