Русский Сайттың толық нұсқасы

Есік қаласындағы қыз зорлау фактісі бойынша сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2016
  • 6020

Есік қаласындағы атышулы іске нүкте қойылды. Бүгін Еңбекшіқазақ аудандық соты қыз зорлады деп айыпталған төртеуді кінәлі деп тапты. Асхат Бектұрсын 10 жыл, Алмас Ермеков 9,5 жыл, Елтай Нұрбол 9 жылға, ал Ербол Ермеков 8 жылға сотталды. Олар қыз зорлау ғана емес, адам ұрлау, бұзақылық деректерімен де жауапқа тартылған болатын. Алайда сот үкімімен келіспеген сотталушылардың туыстары дау шығарды. Оларды полицияның күшімен тоқтатуға тура келді. Сот үкімін тыңдауға жәбірленуші Жібек Мусинованың өзі келген жоқ. Бірақ оның адвокаты сот тағайындаған жазаның заңды екенін айтты.

Айман Омарова, Ж. Мусинованың адвокаты:

Әділетті сот болды. Қазақ қызы өз құқығын қорғады. Тіпті олардың адвокаттары неге мұны СМИ-ге шығарасың деді. Мен айтар демім: қазақ қызы - мал емес. Ол да өз құқығын қорғайтын кез жетті. Өздеріңіз көріп отырсыздар, сотталушылардың туыстары өз пайдаларын ойлап, балаларын ақтағысы келеді.

Оқиға Есік қаласында тамыз айында болған еді. 4 ер адам қызды зорлап, ағасын соққыға жыққан. Сезікті ретінде қамауға алынғандардың барлығы соңғы сәтке дейін өз кінәларын мойындаған жоқ. Бірақ сот генетикалық-молекулярлық сараптама жасалып, сотталушылардың бұл іске қатыстылығы дәлелденген. Мемлекеттік айыптаушы арсыздыққа барғандардың әрқайсысына 11 жыл жаза кесуді сұраған еді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ