Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда сәтсіз жасалған сүндет үшін жекеменшік емхана баланың анасына 100 мың теңге төлеуге міндеттелді

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2016
  • 3629

Қостанайда сүндетке отырғызған жекеменшік емхананың дәрігерлері де, арызданушы тарап та соттың шешімімен келіспейді. Қалалық сот ақ халаттыларды арызданушыға 100 мың теңге моральдық және материалдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Тараптар неге сот шешіміне риза емес? Оның себебін Заңғар Санай анықтап қайтты.

Заңғар Санай, тілші:

Жекеменшік емханаға қатысты сот отырысы осыдан бір ай бұрын басталған еді. Сол тұста баланың анасы 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткен болатын. Алайда, қалалық сот талапкер тараптың талап-арызын толық қағаттандырған жоқ.

Ләззат Байғожина, Қостанай облыстық сотының баспасөз  қызметкері:

Сот отырысы барысында тараптар медиация тәртібімен бітімгершілікке келуден бас тартқан. Істі қарау нәтижесі бойынша сот азаматшаның шағымын ішінара қанағаттандырып, жеке емханадан шағымданушы пайдасына 20 000 теңге материалдық шығынды және 80 000 теңге моральдық залалды өндіруге шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Арызданушы Әлия Оспанова соттың бұл шешіміне қанағаттанбай отыр. 6 жастағы баласын жекеменшік клиникаға ақша төлеп жасатқанмен, оның аталық мүшесі екі айға дейін жазылмай, іріңдеп, асқынғанын айтты. Дәрігерлердің кесірінен балғынның есте сақтау қабілеті нашарлап, бойында қорқыныш-үрей пайда болды, деді. Сондықтан талапкер тағы сотқа жүгініп, емхана өкілдерін қатаң жауапқа тартуды көздеп отыр.

Әлия Оспанов, талапкер:

5 миллион теңге өндіріп пайда табайық деген бөтен ой жоқ. Мақсатымыз - қоғамдық пікір туғызу. Өзге емханаларға сабақ болсын. Сосын бізге прокуратураның ұстанымы түсініксіз болып тұр. Өйткені олар «Андрофармды» жақтап отыр. Емдеу мекемесінің лицензиясыз ота жасағаны анықталды. Арнайы сараптама бар. Тіпті, әкімшілік айыппұл салынды. Соған қарамастан, біздің талап-арызды толық қанағанттандырмауды сұрағаны негізсіз деп білемін.

Жылына 400-ге жуық баланы сүндетке отырғызатын бұл емхананың бас дәрігері Сағынтай Торғаев та өзіне тағылған айыпты толық мойындамай отыр. Тіпті, 100 мың теңгені де төлегісі келмейді. Енді апелляциялық шағым түсірмек. Талапкер тараппен келісімге келіп, бітімгершілік жасауға қаражат жоқ деп, телефон арқылы  жауап берді.

Сағынтай Торғаев, «Андрофарм» жеке емханасының бас дәрігері:

Қазір кризис кезінде өзіміз де жұмыссыз отырмыз. Адамдар келеді, жағдайлары жоқ емделуге. Менде госзаказ да жоқ, ештеңе де жоқ, қалай енді? Олар біреудің есебінен басқа адамға жақсылық жасағылары келеді. Үйтуге де болмайды ғой.

Арызданушы Әлия Оспанова соттың соңғы отырысында Торғаевті мәмілеге шақырғанын жеткізді. Өзінің емес, өзге науқас баланың отасына қажет 360 мың теңге аударуды ұсынған. Ал дәрігер 100 мың теңге ғана бере алатынын айтты, дейді. Сондықтан қос тарап ортақ бітімге келген жоқ. Енді «сүндет дауын» апелляциялық сот алқасы қарайтын болады.

Заңғар САНАЙ