Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей мұнай өндірісін тәулігіне 300 мың баррельге дейін төмендете алады

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2016
  • 3264

Егер ОПЕК келісімдерін орындаса, Ресей мұнай өндірісін тәулігіне 300 мың баррельге дейін төмендете алады. Бұл туралы көрші елдің энергетика министрі Александр Новак мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Ресей ОПЕК-тің мұнай өндірісін тәулігіне 32,5 млн баррельге дейін қысқарту шешімін қолдайды. Бұл жаһандық мұнай индустриясы үшін маңызды қадам, ал қысқаратын көлем Ресейдің барлық мұнай компаниялары арасында теңдей бөлінеді, - деп атап өтті Новак.

Александр Новак, РФ энергетика министрі:

Өз тарапынан Ресей мұнай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін келісімдерге қосылуға дайын. ОПЕК-ке енетін және енбейтін елдермен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Ресей 2017 жылдың бірінші жарты жылдығынан бастап мұнай өндірісін біртіндеп тәулігіне 300 мың баррельге дейін төмендете бастайды.

Еске сала кетейік, ОПЕК-ке мүше елдердің энергетика министрлері Венада бас қосып, мұнай өндірісін тәулігіне 1,2 миллион баррельге қысқарту туралы бір келісімге келді. Бұл соңғы 8 жылда қол жеткен келісім. Мұнай нарығын тұрақтандырудың амалы. ОПЕК-ке мүше елдер ұйымға кірмейтін мұнай шығарушы мемлекеттерге өнімді тәулігіне 600 мың баррельге дейін қысқартуды ұсынды. Оның ішінде 300 мың баррельі Ресейге тиесілі. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан ОПЕК елдерінің нақты келісімінен соң шешім қабылдайтынын айтқан болатын. Өндірісті қысқарту туралы келісімнен соң мұнай бағасы бірден 10 пайызға көтерілді. Бүгінгі саудада қара алтынның баррельі 53 доллар шамасында. Бұған дейін сарапшылар ОПЕК елдері өзара уағдаласса, мұнай бағасы 50 доллардан төмен болмайды деп болжаған еді.