Русский Сайттың толық нұсқасы

Танымал кәсіпкер Лилия Рах Өзбекстан азаматын ұрлады деген күдікпен қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2016
  • 2636

Алматыда  танымал кәсіпкер Лилия Рах адам ұрлады деген күдікке ілінді. Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан ресми хатта жедел тергеу шаралары барысында анықталған жәйттер жазылған. Шұғыл іздестіру  нәтижесінде ұрланған азамат құтқарылған.

Қазақстанның ең сәнқой әйелі атанған Лилия Рах алдағы екі айын сәнді топтамалар әлемінде емес, тергеу абақтысында өткізеді. Мұндай шешімді Алмалы аудандық соты шығарды. Танымал дизайнер адам ұрлады деген күдікке ілінген. Полицияның мәліметінше, 33 жастағы Өзбекстан азаматы шілде айында із-түссіз жоғалған. Шұғыл іздестіру шарасы барысында оны қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде әлдекімдердің зорлықпен ұстап отырғаны анықталады. 

Евгений Лысенко, Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілі:

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу кезеңі барысында күдіктілерге қатысты тұтқындау түрінде бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Адам ұрлығы бойынша төрт адам қамауда отыр. Арасында Лилия Рах бар. Ол басқаратын «Sauvage» компаниясының қызметкерлері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Тіпті, қожайындарының демалыста екенін айтты.

Ничего не могу сказать, никаких комментариев. Я  не  в курсе. Она в отпуске.

Танымал кәсіпкердің сән нарығында жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Иелігіндегі 13 дүкен Алматыда орналасқан. Қалған екеуі Астанада жұмыс істеп тұр. Онда әйгілі бренд киімдер мен  әшекей бұйымдар саудаланады.

Ақмарал Тоқанова, бренд киімдерін сататын бутик қожайыны:

Мен ол кісіден көп аяқ-киім аламын. Өйткені ол кісінің талғамы өте жақсы. Ресейде ол кісі танымал. Италиямен жұмыс істеп жатыр. Ол жақта жақсы танымал, оны біледі.

Айгүл Ермахан, тілші:

Сән әлемінде  ақсүйек ханым атанған Лилия Рах  шілденің 27 күні қамауға алынған. Алмалы аудандық сотының дерегі бойынша ол 27 қыркүйекке дейін уақытша тергеу изоляторында отыратын болды. Ал істің бүге-шүгесі  тергеу ісі аяқталған соң мәлім болады. 

Айгүл ЕРМАХАН