Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау бөлмесі өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесті

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2016
  • 3197

«Нұр Отан» партиясы Республикалық қабылдау бөлмесінің өкілдері шалғай ауылдарда көшпелі қабылдау өткізуде.  Бүгін бөлме меңгерушісі Жұмажан Жүкенов бастаған топ Павлодар облысындағы Красноармейка ауылы тұрғындарымен кездесті. Тыныс-тіршілігімен танысып, толғандырған мәселелерін тыңдады. Жеке кәсіпкер  Анатолий Байков бизнеспен айналысқысы келетін ағайынға ортақ проблемаларды айта келген. Ауылда кәсіпті жандандырып, табыс табуға жағдай бар. Бірақ инфрақұрылымның жоқтығы тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді,- дейді ол. Несие рәсімдеудегі машақаттар тағы бар.

Анатолий Байков, ауыл тұрғыны:

Жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Бірақ кепілдік мәселесі құлшынысымызға тұсау болуда. Екінші деңгейлі банктердің шартына сәйкес, жылжымайтын мүлік болуы керек және қалада болуы шарт. Көбімізде мұндай мүмкіндік жоқ. Осы несиелеу саясатына өзгерістер енгізілсе дейміз. 

«Нұр Отан» партиясына деген  ел сенімі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, өткен 7 айда қоғамдық қабылдауға 100 мыңнан астам өтініш түскен. Әрбір бесінші мәселе оң шешімін табуда. Жұмажан Жүкеновтің  айтуынша, бұл жергілікті бастауыш ұйымдар мен филиалдардың тиімді жұмысының нәтижесі. Тұрғындардың көтеретін мәселесі көбіне әлеуметтік сипатта. Жұмыспен қамту, ауыз су, тіпті пәтерлерін рәсімдеуге қатысты сұрақтар да бар. Сол себепті қоғамдық қабылдауларға мемлекеттік орган өкілдері мен заңгерлер арнайы шақыртылды. 

Жұмажан Жүкенов, «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

Қазір адвокат жалдау үшін бәленбай мың ақша керек. Ал біз оны ақысыз береміз. Жолдарын көрсетеміз. Сол себепті бүгінгі таңда "Нұр Отанға" халықтың келуі де, сенім артуы да осыдан шығып отыр. Егер халық бізге сенім артса, біз оның сенімін ақтай білуіміз керек.