Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттің дәріханаларында этил спиртіне сұраныс артқан

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2016
  • 3638

Шымкенттегі дәріханаларда этил спирті тапшы. Бұл туралы біздің тілшілерімізге провизорлар айтты. Жұртшылық ем-дом үшін қолданатын бұл сұйықтыққа  сұраныс соңғы кездері күрт артып кеткен. Провизорлардың бірі мұның себебін өңірде күн райының жылынуы мен ауру-сырқаудың көбеюіне байланысты деп отыр. Ал, кейбірі үй-күйсіз қаңғыбастардың талап әкететінін жасырмады. Этил спиртінің неліктен тапшы тауарға айналғанын әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

-Спирт бар ма? -Таусылды. -Қашан таусылды? -Бүгін таусылды.

Дәріхана қызметкерлері этил спиртіне тым жиі тапсырыс беріп жатқандарын айтады. Өйткені сұраныс тым көп. Былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда алушылар қатары айтарлықтай артқан.

Айгүл Ишанқұлова, аға провизор:

Себебі қазір көбінесе укол алып жатыр адамдар, вирус жүріп жатыр. Қалада өте вирус көп. Сондықтан спирт өтуі тиімді. Жақсы өтіп жатыр. -Былтырғымен салыстырғанда қандай? -Былтырғыға қарағанда биыл спирттің өтуі өте көп. Жақсы жиі өтеді. -Немен байланыстырасыз? -Растирание жасайды, көбінесе 90 проценттігі өтеді. Одан кейін уколға алады. Солай деп ойлаймын өзім.

Ғалия Бейсебаева, провизор:

Бірнеше құтысын бірден алатындар бар. Негізінен ер адамдар алады, науқастар да алып жатады. Не үшін алатынын нақты білмеймін, тұнба жасауға алатын болар деп ойлаймын.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Этил  спиртіне сұраныстың тым артуының бір себебі - оның кейбір жағдайда алкогольдік ішімдік ретінде қолданылуында жатса керек. Провизорлар алушы азаматтардың негізінен қуаты 90 пайыздық спиртті сұрайтынын жасырмайды. Олар спирттің бұл түрі «бас ауыртпайды» деп түсіндіретін көрінеді. Дегенмен дәріханашылардың ешбірі мұны сұқбатта ашық айтқысы келмеді. 

Есесіне біздің кейіпкеріміз бар сырды жайып салды. Өзін Қанат деп таныстырған бұл азамат тек бет-жүзін көрсетпеуімізді өтінді. Айтуынша, құтыдағы спиртке пайызына қарай су қосса болды, ішімдік дап-дайын.

Қанат:

Арақ қымбат болып кетті ғой. Арақ қазір 470, мен өткенде көрдім 480 теңгеге кетіп бара жатыр. Ал мынадайды 470 теңгеге алуға болады 4-5 бөтелке алуға болады. 1,5 шиша арақ шығады бұл жерден, бір жарты арақтан.

Облыстық наркологиялық диспансер мамандары этил спиртіне сұраныстың арту себебі агкогольді ішімдік ретінде қолданылумен байланысты екенін растамады. Бірақ, теріске де шығармады. Мамандар "бұл сұйықтық арнайы рұқсатсыз босатылады, сондықтан адамдардың оны нақты қандай мақсатта қолданатынын ешкім білмейді, ішімдік ретінде пайдаланбайды деп те кепілдік бере алмайды" деп отыр.

Нина Столярова, учаскелік дәрігер-нарколог:

Ішкілікке салынғандар бас жазу үшін құрамында спирті бар кез келген сұйықтықты ішуге әзір тұрады. Маман ретінде мұны жоққа шығармаймын. Соның бірі этил спирті болуы әбден мүмкін. Бірақ солай деп сенімді айтуға тағы болмайды. Бір анығы этил спирті - тазартылған спирт, техникалық спиртпен салыстырғанда сапалы. Дей тұрғанмен кез келген алкогольдік ішімдік секілді мұның да адам денсаулығына зияны өте жоғары.

Шымкенттің дәріханаларында этил спиртіне байланысты тапшылық туындағанын ешқандай жауапты орган ресми түрде растамады. Мұның себебін айтуға да ешкім асығар емес. Фармацевтикалық бақылау департаменті өкілдерінен сұқбат алуға әрекеттенген едік, бірақ ол әзірге мүмкін болмады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ